НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Саябақ ішіндегі веложолда автокөлікпен жүру қаншалықты заңды? Бұл мәселе Шымкенттегі дендрологиялық саябақ аумағына былтыр салынған велосипед жолағынан туындап отыр, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Жергілікті азаматтардың бірі түсірген бейнежазба әлеуметтік желі қолданушыларының пікірін екі бөлді. Видеода саябақ ішіндегі қызыл жолақпен жеңіл көлік келе жатқаны көрінеді. Ал жүргізуші видео авторына апат орнына шұғыл түрде жету үшін жұмысшыларды алып бара жатқанын айтады.
Осы видеоның негізінде полицейлер көлік иесіне, яғни саябақтың шаруашылық бөлімі басшысына шамамен 44 мың теңге айыппұл салған. Алайда дендробақтың заңгері полицияның бұл әрекетін заңсыз деп санайды. Енді олар сотқа жүгінуді көздеп отыр.
Саябақ қызметкерлерінің айтуынша, олар мінген темір тұлпарға нысан ішінде жүруге рұқсат беретін бұйрық бар. Өйткені дендробақ ішінде қызмет бабында көлікпен жүретін қызыл жолақтан өзге жол жоқ.
"Қазіргі таңда веложол мен жаяу жүргіншілер жолағы салынуына байланысты саябақ аумағындағы көлікпен жүретін басқа жол жоқ. Біздің тарапымыздан ешқандай заң бұзушылық болмады және айыппұлды заңсыз деп санаймыз. Осы мәселе бойынша сотқа жүгінеміз", – дейді Асқаров атындағы "Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябақ" мекемесінің заңгері Мөлдір Үсенбаева.
Сондай-ақ саябақ қызметкерлерінің айтуынша, сол күні көлікте болғандар расында жарылған құбырды жөндеуге асыққан. Жедел жетпегенде тұрғын үйлерге су кіретін қауіп төнген екен.
Оқи отырыңыз: Жылы киім сұраған: Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі жұмыстан қуылды