15:54 24 Маусым 2021
Тікелей эфир
  • USD426.61
  • EUR509.33
  • RUB5.88
Өңірлер
Қысқа сілтеме алу
3376 0 0

Мәжіліс депутатының айтуынша, жедел жәрдем көлігі жүргізушілерінің айлығына соңғы 5 жылда бір тиын да қосылмаған

НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісі, бастықтарынан жылы киім сұраймын деп жұмыссыз қалған. Алты баланың әкесі Ербол Емілжанов тиісті құзыретті орындардан әділдік сұрайды.

Сондай-ақ, ол облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры мен оның техникалық орынбасары қарамағындағыларды балағаттағанын айтады, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Ербол Емілжанов Майқұдық ауданындағы жедел-жәрдем бекетінде 8 жыл көлік жүргізген. 6 баланың әкесі, қазір жұмыссыз жүр. Пандемия кезінде облыс әкімінің мақтау қағазымен марапатталған ол, киім үшін жұмыссыз қаламын деп еш ойламаған. Ол облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры мен оның техникалық орынбасарынан жылы киім сұрағаным үшін басым бәлеге қалды деп отыр.

"Бізге күздік киімді қашан бересіздер? Бүкіл подстанциялардың бәрі алды. Жаздық киімнің ішінен жылы шалбар киіп жүрміз деп айтып ем, ол кісі менімен сөзге келіп қалды да боқтап жіберді. Артымыздан директор келді де ол да боқтап, мені жұмыстан қуатынын айтты", – дейді жедел жәрдем көлігінің бұрынғы жүргізушісі Ербол Емілжанов.

Директор осыдан соң Емілжановтың соңына түскен. Басқа бекетке ауыстырам дегеніне келіспеген соң, жұмыстан мүлдем шығарып жіберген.

"Біздің бастықтарға денсаулық министрлігінен бе, президенттен бе, әйтеуір құзырлы органдар тарапынан шара қолданылуын сұраймын. Өйткені бізде қудалау басталып, қаншама медицина қызметкері жұмыстан шығып кетті", – дейді ол.

Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған мекеме басшыларына қатысты ешқандай шағым түспегенін алға тартады. Ал Ербол Емілжановты басқа бекетке ауыстыру қаншалықты заңды екенін білу үшін еңбек инспекциясына сауал жолданған.

"Қызметкердің басқа бекетке ауыстырылуы қаншалықты дұрыс екенін анықтау үшін денсаулық басқармасы еңбек инспекциясына сауал жолдады. Негізі жүргізуші басқа қалаға емес, қала ішінде ғана басқа бекетке ауыстырылған, ал ол ережеге қайшы емес. Бірақ басшыларының этикасына қатысты шағымдарын бізге жазса, арнайы қызметтік тексеру жүргіземіз", – дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Бибігүл Төлегенова.

Желідегі жазба мәселені шеше ала ма

Сондай-ақ, күні кеше ғана облыстық медициналық жедел жәрдем қызметкерлері, нақтырақ айтсақ дәрігерлер, фельдшерлер мен көлік жүргізушілерінің атынан жазылған хат әлеуметтік желіде жарияланды. Олар басшылардың бейәдеп көрсететінін, соған шара қолдануды сұраған.

Айта кетейік, жедел жәрдем көлігін жүргізушілердің айлығына соңғы 5 жылда бір тиын да қосылмаған. Мұны мәжіліс депутаттары көтерді.

"Олардың орташа жалақысы шамамен 60 мың теңгені құрайды. Кейбір жерде жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы 70-75 мың теңге, 5 жылдан астам уақыт бойы жоғарылаған жоқ. Мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлерінің жалақысы шамамен 50 мың теңге", – дейді парламент мәжілісінің депутаты "Ақ жол" фракциясының мүшесі Мақсат Раманқұлов.

Оқи отырыңыз: "Екі науқас жедел жәрдем ішінде өлді" – елді шулатқан дәрігер кешірім сұрады

Ал жылы киім сұраймын деп жұмыстан қуылған жүргізуші, өзінің қызметіне қайтып оралғысы келеді. Әзірге еңбек инспекциясының жауабын күтуден басқа амал болмай тұр.

Тақырып бойынша

"Қолымыздан ештеңе келмеді": жедел жәрдем қызметкерлері карантинде қалай жұмыс істеді
Жедел жәрдем жете алмады: бала науқас әкесін дәрігерлерге сүйреп жеткізді
Шымкентте жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады: дәрігерлер әріптестерінің жағдайын айтты
Алматыда прокуратура жедел жәрдем қызметін тексеріп жатыр
Ақмола облысында куәгерлер "жедел жәрдем" көлігіне оқ атылғанын хабарлады
Кілт сөздер:
Қарағанды, жүргізушілер, жедел жәрдем
Загрузка...

Басты тақырып