Экономика

"Мобильді аударым жасаңыз!": кәсіпкерлер халықты қалай алдайды 

© PhotoПокупки через интернет
Покупки через интернет - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.04.2021
Жазылу
Сарапшы пікірінше, мобильді аударымдардың арқасында мемлекет экономикада жүрген ақшаны көре алады

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Бүгінде кәсіпкерлер арасында мобильді аударымдар арқылы тауар сату әрекеттері жиілеп кеткен. Осылайша, бизнесмендердің көбісі салық төлеуден босатылса да, табыстың нақты көлемін көрсетпеуге тырысады.

Ал шағын және орта бизнес өкілдері табысқа салынатын 3 проценттік салықтан қашады. Мобильді аударымдар кезінде осы ақша бюджетке де, халықтың қалтасына да түспейді. Біреудің телефон нөміріне аударылып кете береді. Алдағы уақытта осы жүйеге өзгеріс енгізіледі. Sputnik Қазақстан мобильді аударымдардың қалай өзгеретінін зерделеп көрді.

Кәсіпкерлер халықты аямайды

Бүгінде микро бизнес үш жылға салық төлеуден босатылған. Ал пандемия басталғаннан кейін шағын және орта бизнес те екі жыл бойы қосылған құн салығын және әлеуметтік салықты төлемейтін болды. Соның орнына 3 проценттік салық аудару қажет. Дегенмен, бизнесмендер табыстың көлемін жасырудың оңай жолын тапты. Ол – мобильді аударымдар. Кейбір адал кәсіпкерлер тауарды мобильді аударым арқылы сатқанда 3 проценттік жеңілдік беріп жатады. Алайда басым бөлігі үндемейді, барлық ақшаны ала салады.

"Мысалы, мен құрылыс материалдарын сататын бір дүкенге барғанда банк картасымен төлеймін дедім. Сонда сатушы мобильді аударым жасасаңыз, 3 проценттік жеңілдік жасаймыз деді. Мен қуана-қуана келістім. Сөйтіп, 50 мың теңгенің 1 500 теңгесі өзімде қалды", - дейді астаналық Қайырбек Жұматаев.

Көп жағдайда басқалар ондай жеңілдік туралы айтпайды да. Демек, ол ақша бизнесмендердің қалтасында кетеді. Олар баяғы табысын армандайтын шығар. Бірақ пандемиядан олар ғана емес, халық та қатты зардап шекті.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Дина Әскерова азық-түлік сататын дүкеншінің мобильді аударымсыз тауарды мүлдем сатпай қойғанын еске алды.

"Бізде үйдің жанында сүт өнімдерін сататын бір дүкен бар. Сол жерден ай сайын беларусьтік ірімшікті алып тұрдық. Бір күні барсам, дүкенші банк картасын қабылдамай, тұрып алды. Дәл сол тауарды тек мобильді аударыммен немесе қолма-қол ақшамен ғана сатамыз деп шықты. Таңғалдым. Ірімшікті де сатпай қойды, банк картасымен сатсам, үстінен 3 процент қосып беремін деді. Сонда қалай, артық ақшаны тұтынушы төлеу керек пе? Бұл дұрыс емес қой", - дейді Әскерова.

Бизнесмендер не дейді

Кәсіпкерлер мобильді аударым арқылы 3 проценттік салықтан қашатынын мойындап отыр. Алайда барлығы бірдей ондай қулыққа бара бермейді.

"Мысалы, менде QR-кодпен төлеу жүйесі орнатылған. Сатып алушылар кешбэк алады. Ал мен өзім онлайн касса арқылы түбіртегін шығарып, салық органдарына есеп беріп отырамын. Иә, кейбір кәсіпкерлер мобильді аударымдардың көмегімен салық төлеуден қашады. Олар жеке тұлғаның атына есепшотты ашып қояды да, тұтуыншы төлеген барлық ақшаны соған аударып отырады. Салық төлемейсің, есеп те тапсырмайсың", - дейді Салтанат есімді кәсіпкер.

Ал экономист Мақсат Халықтың ойынша, кәсіпкерлер мобильді аударымдардың көмегімен нақты табысын жасыруға тырысады. Себебі ақша айналымы көп болып кетсе, басқа салықтарды төлеуге тура келеді.

"Қазір бизнесмендердің көбісі 3 проценттік салық төлейді. Өйткені жеңілдетілген декларация бар. Бірақ жылдық табысы белгілі бір көрсеткіштен аспауы тиіс. Ал осы межеден асып кетсе, онда ол кәсіпкерлер басқа салық төлеуге міндеттеледі. Сол себепті кәсіпкерлер екіжақты бухгалтерия сияқты айла-амалдар жасайды. Қазір мобильді аударымдарды да кеңінен қолдана бастады", - дейді Халық.

Оның айтуынша, кейбір кәсіпкерлер жылдық табысы асып бара жатса, тағы бір "ИП" аша салады. Сөйтіп, табысын барынша аз етіп көрсетуге тырысады.  

Екі түрлі мобильді аударым

Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде банк карталарынан ақша алу көлемі азайып кеткен. Ал мобильді транзакциялар айтарлықтай өсті. Бірақ жеке тұлғаларға арналған жедел аударымдарды кәсіпкерлік ортада кеңінен қолдану әрекеттері көбейіп кетті.

"Мемлекет тарапынан бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Шамамен 1,2 миллион микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығын төлеуден үш жылға босатылған және тексеруге үш жылдық мораторий енгізілді. Сондықтан бизнес қолданыстағы барлық заңнамалық норманы адал орындауы тиіс", – дейді министрлік мамандары.

Ал мобильді аударымдар арқылы тауар сатылғанда кассалық чектер берілмейді. Содан салық төленбей қалады. Тұтынушылардың құқығы да бұзылады. Осыған байланысты қаржы министрлігі құзіретті мемлекеттік органдармен ақылдасып, мобильдік аударымдарды екіге бөлуді қарастырып отыр. Олар: жеке және кәсіпкерлік аударымдар. Осыны заңды түрде бекіткеннен кейін бизнесмендер кәсіпкерлер есепшот ашып, сол арқылы мобильді аударымдар жасайды. Барлық ақпарат салық органдарына түсіп тұрады.

"Жоғарыда көрсетілген бастамалар салықтың жаңа түрі болып табылмайды әрі салық есептіліктері мен салықтарды төлеуде мәліметтердің дұрыс және толық көрсетілуіне бағытталған. Бұл ретте, болжанып отырған шаралар жеке тұлғалардың жеке мақсаттардағы аударымдарына әсер етпейтінін атап өтеміз", - дейді мамандар.

Мобильді аударымдарды тоқтатпау қажет

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, кәсіпкерлерге арналған мобильді аударымдардың болғаны дұрыс. Бірақ оған салық салынбауы қажет. Әйтпесе, көлеңкелі экономиканың үлесі ұлғайып кетеді.

"Бір жыл бұрын елімізде көлеңкелі экономиканың үлесі жалпы ішкі өнімнің 30 процентін, шамамен, 21 триллион теңгені құраған. Бұл – көлеңкеде жүрген үлкен қаражат. 2020 жылдың қорытындысы бойынша көлеңкелі экономиканың үлесі 30 проценттен 23 процентке дейін түсіп кеткен. Әрине, оған мобильді аударымдар оң әсерін тигізді", - дейді Халық.

Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлерге мобильді қосымша арқылы аударылатын ақшаға салық салынады – Смайылов

Осы орайда сарапшы қолма-қол ақшаның тиімсіз тұсын атап өтті. Конвертпен төленетін ақшадан да салық түспейді. Ал мобильді аударымдардың арқасында мемлекет экономикада жүрген ақшаны көре алады.

"Негізі, кәсіпкерлердің ақша аударымдары бірден көрініп тұрады. Себебі сомасы аз емес. Ал қарапайым халық мобильді аударымдары көп жасамайды", - деп атап көрсетті экономист.

Жаңалықтар
0