НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медеведевтің "РИА Новости" порталындағы авторлық бағанында соңғы жылдары Ресей мен АҚШ қарым-қатынасы бәсекелестіктен текетіреске ауысып, қырғи-қабақ соғыс кезіндегі жағдайға қайта оралуы туралы жазылған.
Екі ел қарым-қатынасы ұзақ уақыт осындай күйде болса, мұны дағдарыс деп атайды. Мұндай дағдарыстар қарым-қатынастың одан әрі өршіп, шиеленісе түсуіне себепші болады. Осындай жағдайда кез келген теріс қадам, шыдамсыздық, әрбір сөздің мәнін стратегиялық ұғынудың жоқтығы екі мемлекеттің ғана емес, бүкіл әлемнің алдында топтасқан проблемалар пайда болуына себепші болып, тікелей әскери қақтығыс қаупін тудырады.
Мұндай жағдай Ресей мен АҚШ-тың ортақ тарихында бұрын да болған. Әрине, ол кезде заман тым басқа еді, ал Кариб бассейні оқиға орны болды. Бірақ жалпы ұқсастық жетерлік.
Сол кездегі АҚШ-тың сыртқы саясаты Ресейді сәйкес әрекеттерге баруға мәжбүрледі. 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында бұл америкалық зымырандарды Түркия, Оңтүстік Вьетнам, Ливанда орналастырумен көрініс тапты. Сонымен қатар революция ұйымдастырып, артынша Бостандық аралын өз бақылауына алғысы келген Куба саясатын да атауға болады. Және тағы басқалары да бар.
Бүгінде бұл – антиресейлік санкциялар, орыстарды қаралауға бағытталған ұйымдасқан науқандар, Ресейдің көршілеріне қатысты америкалық саясат, НАТО-ның Ресей шекарасына жақындауы, "Солтүстік ағын-2" жобасына қарсылық, Солтүстік теңіз жолын іске асырылуына қатысты мазасыздық, украиналық мәселе және тағы басқалар. Мұндай саясат күнде көрініс тауып жатыр.
Ресей бүгінде бұрынғы КСРО секілді қарсыласқа төндірген қауіп деңгейі бойынша АҚШ-тан озық болды.
60-жылдары америкалықтарға жауап ретінде КСРО Кубада стратегиялық шабуылдау қаруларын орналастырды. Ал АҚШ одан арғы конфронтацияға көшті: әскери кемелер тартып, аралды теңіз блокадасына алды және толыққанды басып кіруге дайындалды. Бұл дағдарыс Кариб дағдарысы деген атауға ие болды. Оның аясында екі маңызды мәселе бар.
Екіншісі. Соғысқа бір қадам ғана қалған жағдайға әділ баға бере алатын және мәмілеге келу маңыздылығын түсінген, кері шегінуге дайын екі держава көшбасшыларының арқасында оңынан шешілді.
КСРО мен АҚШ арасында тең дәрежелі әрі қоқан-лоқы мен қысымға негізделмеген диалог болды.
Кариб дағдарысы шешілгеннен кейін ХХ ғасырда екі ел соғыс алдында тұрған мұндай жағдай болған жоқ. Себебі екеуі де сабақ алды: халықаралық проблемаларды шешуде ынтымақтастық текетірестен тиімдірек.
Бірақ бүгінде жағдай мүлде басқа: АҚШ тұрақсыз сыртқы саясатқа көшті. Онысы Иранмен ядролық келісім жасаудан бас тартуы мен Ашық аспан жөніндегі шарттан шығуынан қатты байқалды. Ал қазір жаңа президенттің мазмұнсыз сөздерінен көрініс табуда.
Жаңа стратегиялық ақиқат – Вашингтонның сыртқы саяси бағдарының тұрақсыздығы – көп жағдайда ішкі себептерге тәуелді болса, кей жағдайда АҚШ-тың батыс әлемнің көшбасшысы ретінде беделінің түсуіне байланысты болып отыр.
Қазір Америка әкімшілігі жаңа тактикаға көшкен: бір қолымен диалог орнату қажеттілігі туралы белгі берсе, екіншісімен қысымды арттырып отыр. Ол кез келген тақырыпта мәлімдеме жасай алады және "біз барлық кезде дұрыс айтамыз және бізді тыңдау керек"деп ойлайды.
Диалогқа шақыру туралы ұсынысты біз екі президенттің телефон арқылы сөйлесуі кезінде естідік. Дәл осы кезде қатаң шаралар қабылданып, антиресейлік жаңа санкциялар енгізілді, дипломаттар ел аумағынан шығарылды, ресейлік қауіп туралы жарлыққа қол қойылды. Оған қоса Украина шығысындағы белең алып жатқан қақтығыс тағы бар.
Бірақ КСРО ыдырағаннан кейін тепе-теңдік біраз уақытқа жоғалып кетті. Он бес жылға жуық ешбір басқа мемлекет тең дәрежеде байланыс орнатып, қуаты бойынша бәсекелесе алмайтын заманда өмір сүрген АҚШ тепе-тең диалогтың не екенін ұмытып қалған секілді.
Әлем билеушісі және ұжымдық Батыс қорғаушысы рөлін қалпына келтіруге тырысып жатқан АҚШ-тың жаңа әкімшілігі әлемде тағы басқа мемлекеттің өздеріне тең келетіндей нфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен әскери-саяси әлеуеті бар екенін мойындауға шамасы жетпейтін көрінеді. Мысалы, Қытай немесе Ресей.
Күн тәртібінде америкалық әкімшілік Кариб дағдарысына қатысқан қос мемлекет көшбасшыларына тән мәмілеге келудің маңыздылығын түсінетіндей көрегендікке қол жеткізе ала ма? Жағдай қатты шиеленіскен уақытта оны тұрақтандыруға не көмектесе алады?
Мұндай үш себеп бар.
Біріншіден, "қауіпті шешімнің" бағасын ұғыну. Егер жеңіске қол жеткізудің бағасы жеңімпаздың одан кейінгі тіршілігіне күмән келтіретіндей тым жоғары болса, онда бұл жеңіс емес.
Екіншіден, тікелей байланыс. Бұл қоңырау арқылы байланыстыратын телефон емес. Бұл – ашық сөйлесу және сұхбаттасушыны есту мүмкіндігі.
Үшіншіден, ең маңыздысы, мәмілеге келу қажеттілігі мен мүмкіндігін түсініп қана қоймай, мұндай келісімге баруға дайын болу. Дөрекілік тілінен бас тартуға дайын болу.
Дәл осы себепті "Ресей бәрі үшін жауап береді" деген мәлімдеме америкалықтардың стилінде болғанымен, ол тығырыққа тірейтіні анық. Ол тығырықтан шығатын жол жоқ. Ол ешкімге жақсылық алып келмейді.