Саясат

Тоқаев кадрлық ауыс-түйіс жасады

© Sputnik / Болат ШайхиновПортфель
Портфель - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.04.2021
Жазылу
Президент бұған дейін Ерлан Әлімбаев Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындаған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер саласында бірқатар ауыс-түйіс жасады.

Президент жарлығымен Рәпіл Жошыбаев Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлады Ақорда.

Сонымен қатар Марғұлан Баймұхан енді Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі лауазымына, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы өкілдігінің басшысы қызметін атқарады.

Нұрлан Жалғасбаев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев өзінің арнаулы өкілін тағайындады

Жаңа тағайындауларға байланысты бұған дейін Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымын атқарған Қайрат Нұрпейісов қызметінен босатылды.

Ерлан Әлімбаев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан, Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымын қоса атқарудан босатылды.

Ол мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Рәпіл Жошыбаевтың өмірбаяны

Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаев 1963 жылы Жамбыл облысының Ақыртөбе стансасында туған. 1985 жылы Қырғыз мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы – экономист.

Еңбек жолын 1980 жылы бастаған. 1980-1993 жылдары Санкт-Петербург экономика және қаржы университетінде техник, экономист, аға инженер, зерттеуші стажер, стажер-оқытушы болып жұмыс істеген.

1985-1988 жылдар аралығында Қырғыз КСР мемлекеттік экономикалық жоспарлау құрылымдарында қызмет етті.

1993 жылдан бастап 2003 жылға дейін Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің үшінші, екінші, бірінші хатшысы, ТМД департаментінің бөлім бастығы, Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы президентінің протокол қызметі басшысының орынбасары болды.

2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің конфессияаралық қатынастар жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы президентінің протокол қызметінің бас инспекторы болып еңбек еткен.

2004-2007 жылдары ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Ерлан Әлімбаев туралы не белгілі

Ерлан Алтынбайұлы Әлімбаев Қызылорда облысында 1975 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін, Женева халықаралық қатынастар және дипломатия институтын тәмамдаған.

Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі жүйесінде 1997 жылдан бастап жұмыс істейді. Дипломатиялық қызметін Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің референт ретінде бастаған.

2008-2010 жылдары сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.

Әр жылдары сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының ұлттық үйлестірушісі болды.

2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған.

Жаңалықтар
0