НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір — Sputnik. Израиль жаппай вакциналаудан кейін бетперде тағу режимін алып тастады. Елдегі карантин шараларын жеңілдету үшін қазақстандықтар екпе салдырулары керек, деп мәлімдеді Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова.
Битанова өткен жылдың жазы мен биылғы көктем кезінде Алматыда коронавирустың таралу қарқынын есепке алып, кәмелетке толған әр азамат вакциналаудың маңыздылығы жайлы ой түюі керек екенін айтты. Израильде халықтың 80% екпе салдырып, нәтижесінде көшеде бетперде тағып жүруге қатысты талап күшін жойды, деп хабарлады Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі.
"Израильде ең алдымен 55-60 жастан асқан тұрғындар мен созылмалы ауруы бар азаматтарға екпе салынды", - деді Эльмира Битанова брифингте.
Иммунолог карантиндік шараларды сақтау және вакцина салдыру арқылы ғана пандемияны жеңуге болатынын айтты.
"Бұл екеуі бір-біріне септеседі. Карантин шараларын жеңілдетудің жалғыз жолы – вакциналау. Әрине ол ұжымдық иммунитеттің қалыптасу деңгейіне де байланысты", - деп пікірін жалғады Битанова.
Израильде әзірше қоғамдық орындар мен жабық ғимараттарда бетперде тағып жүру міндетті. Алайда бұл елде мектептердегі дәстүрлі оқу жанданды. Сондай-ақ вакциналаудан кейін коронавирус жұқтырғандар санының азаюына байланысты бірқатар жеңілдіктер енгізілді.
Оқи отырыңыз: Екпе салдырған қазақстандықтар жұмыстан босатыла ма
Алматыда 2021 жылдың басынан бері 46 251 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді. Ал соңғы тәулікте 665 адамнан коронавирус анықталған. Тәуліктік өсім 1,4-ті құрап отыр. Алматыда коронавирусқа шалдыққандар жатқызылатын стационарлардағы орындардың 62,2%-і бос емес. Ал жансақтау бөлімдеріндегі жатын орынның 54,4%-інде науқастар ем алып жатыр. Жалпы 4 014 адам стационарлық деңгейде ем қабылдауда.