НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қасиетті Рамазан айының басталуына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды Ақорда.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жеделхатында Тоқаевқа ұзақ өмір, зор денсаулық және оның аса жауапты қызметіне табыс тілеп, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.
"Екі ел арасындағы тату көршілікке, жақын достыққа, өзара құрметке және қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестік ортақ саяси ерік-жігеріміздің арқасында соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерілгені күмәнсіз. Біздің табысты байланыстарымыз бен ұзақмерзімді серіктестігіміз одан әрі дами беретініне сенімдімін", – делінген Өзбекстан басшысының жеделхатында.
Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд өздерінің жеделхаттарында Қазақстан президентін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, оған зор денсаулық және бақыт тілеген, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірген.
Тағы оқыңыз: Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы
Сонымен қатар Қазақстан президентіне Қатар әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни, Иордания королі II Абдалла, Оман сұлтаны Хайсам Бен Тариқ, Кувейт әмірі Шейх Наваф әл-Ахмад әл-Джабер Әс-Сабах, Кувейттің тақ мұрагері Мишаль әл-Ахмед әл-Джабер Әс-Сабах, Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Марокко королі VI Мұхаммед, Египет президенті Әбдель Фаттах Әс-Сиси, Ирак президенті Бархам Салех, Палестина президенті Махмуд Аббас, Қатар шейхінің орынбасары Абдалла Бен Хамад Әл Тәни және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф әл-Осеймин өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.
Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңгені құрады.