Дерекқор

Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы

© Sputnik / Абзал КалиевАуызашар - разговение во время священного месяца Рамазан
Ауызашар  - разговение во время священного месяца Рамазан - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.04.2021
Жазылу
Рамазан айында ораза ұстаған мұсылман күндіз есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу парыз етілмейді

НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Келесі аптада қасиетті Рамазан айы басталады. 13 сәуірге қараған түні мұсылман қауымы ауыз бекітіп, 30 күн ораза ұстауға кіріседі. Sputnik Қазақстан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған ақпарат негізінде биылғы оразаға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын назарларыңызға ұсынады.

Рамазан-2021: Ораза кестесі

1.  Былтырғы оразаның қазасы қалса, оны Рамазан айына дейін өтеу керек пе?

- Оразаның қазасын ұстап үлгермесеңіз, ешнәрсе етпейді. Биылғы оразаға ниет етіп, ауыз бекітуге болады. Бірақ ораза өткеннен кейін былтыр қаза болған күндерді өтеу керек.

2. Ораза кезінде коронавирусқа қарсы вакцина салуға және ПТР-тест тапсыруға бола ма?

- Егер екпе терінің астына бұлшықетке салынса, ораза бұзылмайды. Жалпы, пенициллин, инсулин, вакцина, ауырсыну мен қызуды басатын препараттар мен дәрумендер қолданылған жағдайда ораза бұзылмайды. Қазір ислам ғалымдарының көбісі екпе арқылы денеге салынатын дәрі-дәрмекке ем және адам ағзасына қажетті энергия ретінде қарайды. Ал көктамырға салынатын екпеге қатысты ортақ бір шешім жоқ. Сол сияқты  ПТР-тест оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі немесе сұйықтық өтпейді.

3. Кімдер пітір садақаны мөлшерінен артық береді?

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы пітір садақаның мөлшерін екі келі ұнның бағасы көлемінде бекітті. Ол 420 теңгені құрайды. Бұл – пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Сондықтан жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады. Қазіргі кезде екі келі мейіз 3 580 теңге тұрады. Сондай-ақ, 4 келі құрманың құнымен беруге болады. Оның бағасы – 7 300 теңге.

4. Фидияны кімдер береді?

- Ислам дінінде фидия садақасы бар. Кейбір адамдар фидия беріп, оразаны ұстамауға да болады деп ойлайды. Олай емес. Денсаулығы дұрыс және балиғат жасқа толған кез келген мұсылман баласы ораза ұстауға міндетті. Ал денсаулығы ораза ұстауға келмейтін адамдар және ауыз бекітуге әл-ауқаты жетпейтін қарт кісілер фидия садақасын берсе болады. Оның көлемі – 2 500 теңге (сәресі мен ауызашардың құны).

5. Биыл Рамазан айында Меккеге баруға бола ма?

- Сауд Арабиясының қажылық және умра министрлігі таратқан хабарламаға сәйкес, Рамазан айында Мекке мен Мәдинадағы екі қасиетті мешітке умра жасауға коронавирусқа қарсы вацинаның екі дозасын алғандар, қажылықтан екі апта бұрын вакцина салғандар немесе коронавируспен ауырып жазылған адамдар ғана бара алады.

6.   Оразаның мәкруһтері қандай?

- Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тісті тазалау мәкруһ істерге жатады. Щеткамен тіс тазалау рұқсат амалдардан, бірақ ішке кетіп қалмауын қадағалау қажет. Бұдан бөлек, әйелге жас баласына тамақ шайнап беруі мәкруһ. Алайда баласын тамақтандырудың басқа амалын таппаса, солай істеуге болады.

7. Ауыз бекіткен адам есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу керек пе?

- Рамазан айында ораза ұстаған адам күндіз есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу парыз емес. Алайда есінен тануы көпке созылған жағдайда айыққан соң қаза болған күндерін өтейді.

8.  Рамазан айында балиғатқа толған бала немесе мұсылман болған адам ораза ұстай берсе бола ма?

- Олар оразаның қалған күндерін тұтады. Ал мұсылман болған күнінің немесе балиғатқа толған күнінің қазасын тұту шарт емес.

9. Рамазан айында жолаушы мен науқастан басқа тағы кімге ораза ұстамауға болады?

- Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің және балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі керек. Сосын Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

10.  Мешіттерде тарауық пен жұма намазы оқылып, ауызашар беріле ме?

- Былтыр коронавирусқа байланысты мешіттер толығымен жабық болса, биыл бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы мен  ауызашар әрбір өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына қарай өткізіледі. Мәселен, "жасыл" аймаққа кіретін өңірлерде мешітке барып, тарауықты, бес уақыт пен жұма намазын оқуға болады. Ауызашар өткізуге де рұқсат бар. Бірақ санитарлық талаптар сақталуы шарт. "Сары" аймақта тұрған облыстарда тарауық пен бес уақыт намазын оқуға мүмкіндік бар. Жұма намазы мен ауызашар өткізілмейді. Ал "қызыл" аймақта тек бес уақыт намазды оқуға рұқсат берілген. Соның өзінде әрбір адам жеке-жеке оқуға тиіс.

Айта кетейік, мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал 13 мамыр Ораза айттың бірінші күні болады.

Жаңалықтар
0