АЛМАТЫ, 16 сәуір – Sputnik. Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты түсіндірді.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғады, бірақ ол маған қатысты емес. Іс ішкі мемлекеттік аудит департаментінің тексеру нәтижелері бойынша қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр, меніңше аяқталып қалды", – деді ол.
Нұрашев бұл істе күдікті емес екенін және тұтқынға алынбағанын айтты.
"Мен қылмыстық іс аясында күдікті болған жоқпын. Яғни, БАҚ-та тараған ақпарат жалған", – деді Сапар Нұрашев.
Брифинг кезінде Нұрашев өзіне қатысты жалған ақпарат таратқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті немесе БАҚ-ты сотқа беру туралы ойын айтты.
Ол міндетті түрде сондай шешім қабылдайтынын, қазір заңгерлермен кеңесіп жатқанын жеткізді.
Тағы кімдер күдікке ілінді
Бұған дейін Алматыда бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Сонымен қатар, бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының де қатысы бар екені айтылды.
БАҚ ақпаратына сәйкес, әкімдік қызметкері мен құрылыс компаниясының директоры Алматыдағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына бөлінген 3,9 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінген. Ал жалпы аурухана құрылысына 5,9 миллиард теңге бөлінген.
"Қол қойған жоқпыз"
Сапар Нұрашев аурухана құрылысы кезіндегі қаржы жымқыруға қатысты ақпаратты бөлісті.
"Келісімшарт бойынша жалпы құны 5,5 миллиард теңге болды. Алайда жайлы қалалық орта басқармасы сомасы 4 миллиард теңге жүкқұжатқа қол қойды. Құрылысты жүргізген компания жыл соңына дейін объектіні уәде еткендей пайдалануға бермегендіктен және оны бізге тауар ретінде өткізбегендіктен, қол қойған жоқпыз. Сондықтан біз қалған сомаға қол қоюдан бас тарттық", – деп түсіндірді ол.
Оқи отырыңыз: BI Group басшысы миллиардтап қаржы жымқыру ісіне қатысты түсініктеме берді
Айта кетейік, Сапар Нұрашев 2020 жылдың маусымында Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұрын ол басшының орынбасары болған.