НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Ресейлік танымал әнші Алла Пугачева "Музыкалити" YouTube-бағдарламасында қазақстандық рэпер Скриптониттің шығармашылығына баға берді.
Бағдарламаны Максим Галкин жүргізеді. Әнші бұл бағдарламаға бұрын да қонақ болған. "Музыкалити" бағдарламасын атақты әртістер мен жас буынның музыкалық талғамының қақтығысы деп атауға болады. Бұл жолы Алла Пугачева Zivert-пен бірге жаңа тректерді бағалады.
Эфир барысында Скриптониттің "Чистый" әні де қойылды. Пугачева рэпердің шығармашылымен жақсы таныс екенін айтты. Сондай-ақ оны "сүйікті ақыным" деп атады.
"Өз ойын дұрыс жеткізетіні таңғалдырады. Мұндайды адалдық пен тазалыққа жақын, өтірікті жек көретін адамдар ғана жаза алады. Неге ақын деп атап отырмын? Оның нағыз болмысы сол. Оған бәрі ұнамайды, алайда бастысы уайым-қайғыға салынбаса болды", - деді Алла Пугачева.
Әннің бірнеше жолын тыңдағаннан кейін Пугачева рэпердің қазір және дәл осы жерде шыңдықты жеткізе білу қабілетін ұнататынын айтты.
"Ол өзі туралы, сезімі, пайымы туралы ән салады. Кімді көріп тұрғанын, кімді жек көретінін, кімді жақсы көретінін айтады. Бойында тұлға бар. Оның дәл бүгінгі күн туралы айтатыны ұнайды, ол көргенін айтады. Ол – ақын, нағыз ақын", - деді Пугачева.
Әнге баға беру кезінде Скриптониттің "Чистый" әніне Zivert 9 деген баға берді, ал Алла Пугачева оның қазақ екенін айтып, 10 деген балл қойды.
"10 қоямын. Ол – қазақ. Қазақтарды өте жақсы көремін", - деді Пугачева. Ал Zivert қазақстандықтардың талантты екенін айтты.
Оқи отырыңыз: "Олардың арасында президент болды": Imanbek Иван Ургантқа сұхбат берді - видео
Эфир соңында әншіні тосынсый күтіп тұрды. Рэпер гүлмен келіп Алла Пугачеваны 72 жасқа толуымен құттықтады.
Скриптонит – Қазақстаннан шыққан Әділ Жәлеловтің сахнадағы аты. Ол "Жыл жаңалығы" номинациясы бойынша "Жыл адамы GQ 2016" сыйлығының иегері. "Форматтан тыс" номинациясы бойынша "Реальная премия Musicbox 2016" сыйлығының иегері атанды.
2020 жылы Ресейдегі Apple Music музыкалық сервисінде әні көп тыңдалған әнші болды.