Қоғам

"Олардың арасында президент болды": Imanbek Иван Ургантқа сұхбат берді - видео

© Photo : скриншотИманбек на шоу Ивана Урганта
Иманбек на шоу Ивана Урганта - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.03.2021
Жазылу
Ресейлік "Вечерний Ургант" бағдарламасында сұхбат берген "Грэмми" сыйлығының иегері Imanbek Қазақстан президентінің құттықтауы мен рэпер SAINt JHN жайлы айтып берді

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Белгілі рэпер SAINt JHN әніне ремиксі үшін Қазақстан тарихында алғаш рет "Грэмми" сыйлығын алған қазақстандық Иманбек Зейкенов ресейлік шоумен Иван Ургантқа сұхбат берді. Иван Ургант өткен жылдың қараша айында Иманбекпен онлайн форматта сөйлесіп, оның "Грэмми" сыйлығын жеңетініне сенім білдірген болатын.

Бағдарламада өзі жайлы әңгімелеген Иманбек оны саунд-продюсер, одан кейін ди-джей деп атау дұрыс болатынын айтты. Ол әлемдік танымалдылық алып келген ремиксті әзірлеуге 2 сағат 14 минут жұмсаған.

Иван Ургант сыйлықты жеңіп алғанын білгеннен кейінгі әрекеті жайлы сұрағанда, Иманбек салтанатты шарадан кейін ұйықтап қалғанын айтты.

"Ол кезде Қазақстанда ерте таң уақыты болатын. Сондықтан ұйқыға жаттым. Оянсам, 90-ға жуық адам ұялы телефоныма қоңырау шалыпты. Олардың арасында Қазақстан Республикасының президенті болды деп ойлаймын. Ал таңертең инстаграмнан мені мемлекет басшысы құттықтағаны туралы жаңалықты оқып, таң-тамаша болдым", - деді ди-джей.

Сондай-ақ ол Roses әнінің авторы Инстаграм арқылы байланысқа шығып, өзіне қолдау білдіргенін жеткізді.

Иманбек туған қаласы – Ақсу жайлы әңгімелеп, мұнда ең ірі ферроқорытпа зауыты бар екенін және рэпер Скриптонит Ақсудан 15 минуттық елді мекенде тұрғанын айтты.

"Бар гәп осы зауытта шығар... Себебі әлем музыкасында пайда болған жаңа серпін Павлодар облысынан бастау алып отыр. Павлодарлық аномалия ма дерсің", – деп қалжыңдады Ургант.

Иманбек "Грэмми" мүсіншесін әлі қолына алмаған. Себебі, оны АҚШ-тан жеткізуге біршама уақыт кетеді.

"Маған дос жігіттер "Грэммиді" өзімнің "Приора" машинама жабыстырып, Ақсу мен Павлодар арасында жүріп өтуім туралы қызықты идея ұсынды", - деп әзілдеді Иманбек.

Оқи отырыңыз: Теміржолшыдан "Грэмми" жеңімпазына дейін: Imanbek қалай тарихқа енді – видео

Шоумен қызыл кілемшеде қандай танымал жұлдыздармен суретке түскісі келетінін сұрағанда, музыкант Селена Гомез, Ариана Гранде мен Halsey сынды әншілердің есімін атады.

Ол алдағы уақытта ресейлік хип-хоп орындаушы Элджеймен бірге жұмыс істеу жоспарда бар екенін жеткізді.

15 наурызда Ақсу қаласының тұрғыны Иманбек Зейкенов америкалық әнші SAINt JHN-ның "Roses" әніне жасаған ремиксі үшін беделді "Грэмми" сыйлығын алды. Бұл видеожазбаны миллионнан астам адам көрген. Аталған трек Billboard Hot 100 рейтингінде үздік бестікке енді. Әнші Карлос Сент-Джон ақсулық азаматқа ремикс үшін алғыс айтты. Мұндай тарихи оқиғаға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, музыкантты жеңісімен құттықтады.

Жаңалықтар
0