Өңірлер

СҚО-да құтырған жыртқыш малға шапты: мамандар түлкі санын реттеуді сұрайды

Лиса - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2021
Жазылу
Қолайсыз ауа райы салдарынан жабайы жыртқыш аңдар азық іздеп ауылға дейін кіріп кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында түлкі тістеп алған сиырдың құтыру дертін жұқтырғаны анықталды. Осыған байланысты ветеринарлар өңірдегі жыртқыш аңдардың санын реттеуді сұрап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов Тимирязев ауданындағы ангус тұқымына жататын мал өсірумен айналысатын шаруашылықта бір сиыр құтыру ауруына шалдыққанын хабарлады.

"Аудандық ветеринария инспекциясынан "Атамекен-Агро-Тимирязево" ЖШС-дағы ірі қара малдың құтыру ауруына шалдыққаны туралы хабарлама жетті. Жануардан құтыру дертінің клиникалық белгілері анықталды. Ветеринария қызметі сынама алып, зертханаға жолдады. Зерттеу нәтижесі бойынша "құтыру" диагнозы қойылды. Жануар арам өлген орын дезинфекцияланды. Мал өлексесі өртеу арқылы жойылды, осылайша аурудың одан әрі таралуына жол бермедік", - деді Әлжанов.  

Оның айтуынша, шаруашылықта барлығы 1 600 мал бар. Әзірше басқа малдарда құтыру белгілері тіркелген жоқ. Барлық ірі қара мал бақылауда және алаңдайтын себеп жоқ.

"Шаруашылықта 60 күндік шектеу енгізілді. Малдарды вакциналау, дезинфекциялау секілді арнайы ветеринарлық сауықтыру шараларының кешені жүргізіледі. Бұл шектеу мал мен мұндағы өндірілетін өнімдерді қайта топтауға, сыртқа шығаруға және сырттан кіргізуге тыйымды қарастырады", - деп түсіндірді Әлжанов.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындарына қасқыр шапты

Ветеринария басқармасы басшысының айтуынша, қатаң ауа райы жабайы жыртқыш аңдарды азық іздеп ауыл ішіне кіруге мәжбүр етіп отыр.

"Бұл жолы індеттің таралуына шаруашылық аумағына кіріп, сиырды тістеп алған түлкі себепші болған. Ауру сілекей, жем-шөп арқылы беріледі. Біз жабайы жыртқыш аңдардың санын реттеу бойынша экология министрлігіне хат жолдадық. Олар қарастырып жатыр. Біз өз тарапымыздан бұл іспен айналыса алмаймыз", - деп атап өтті Берік Әлжанов.

Ол бұл ауру жануардың арам өлуіне алып келетінін айтты. Құтырудың емі жоқ, бірақ вакциналау арқылы алдын алуға болады. Биыл осы ауру анықталған елді мекендерде жалпы саны 53 мың бас малды құтыруға қарсы вакциналау жоспарланып отыр.

Жаңалықтар
0