НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Таразда жоғалып кеткен жасөспірімдер он күннен бері іздестіріліп жатыр. 17 жастағы Владимир Сергеев пен 15 жастағы Виктория Мазуренко белгісіз бағытта бірге кеткен.
Жасөспірімдерді іздеу шараларына полицейлерден бөлек 200-ге жуық волонтер жұмылдырылды. Олар қараусыз қалған ғимараттар мен саяжай аумақтарын шолып шықты. Бірақ жоғалғандар табылмады, деп хабарлайды "Хабар 24".
"Жасөспірімдерге іздеу жарияланды. Олардың бір-бірімен кездесуіне ата-аналарының қарсы болуы жасөспірімдерді осы қадамға итермелеген", – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің жедел қызметкері Кибар Искандаров.
Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, жасөспірімдерді іздеу жұмыстарына Жамбыл облысы полиция департаментінің жеке құрамы тартылды. Іздеу шаралары полиция департаменті басшылығының бақылауында тұр.