АЛМАТЫ, 2 сәуір – Sputnik. Қарағанды облысы полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы арнайы операция жүргізіп, синтетикалық есірткі заттарын дайындап, сатумен айналысатын төрт есірткі зертханасын анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Оның екеуі Қарағанды облысында болса, қалған екеуі Ақмола облысы мен Павлодар қаласында анықталды.
31 наурызда Ақмола облысында қылмыстық топтың ұйымдастырушысы ұсталды.
"30 жастағы Қарағанды облысының тұрғыны үй сатып алып, оның ішін ірі көлемде синтетикалық есірткі заттарын жасайтын құрал-жабдықтармен толтырып, кейін жасалған есірткіні басқа да өңірлерге сатпақ болған", – деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Санкцияланған тінту жүргізу барысында ұсталған азаматтан үш келіден астам дайын "мефедрон" есірткісі мен 35 литр сұйық "мефедрон" есірткі заты табылды. Сондай-ақ, үш мың литр сұйықтық, шамамен 50 келі жаппай прекурсорлар алынды.
Бұған дейін қылмыстық топтың белді мүшесі ретінде – Алматының 32 жастағы тұрғыны, Ақмола облысының 35 жастағы тұрғыны және Павлодар қаласының 21 жастағы тұрғыны ұсталған болатын.
"Топтың заңсыз іс-қимыл арқылы айналымнан өткізуге дайындап қойған 50 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Сарапшылардың айтуынша, қылмыскерлерден тәркіленген заттардың қара базардағы құны 24 миллиард теңгеге бағаланады. Ал одан бір жарым миллион есірткі дозасы жасалып, елге таралуы мүмкін еді", – дейді полицейлер.