НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путиннің Ангела Меркель және Эммануэль Макронмен арадағы келіссөздері бір жағынан күтпеген, екінші жағынан жоспарлы сипатқа ие болды. Сейсенбі күні өткен видеоконференцияның нақты мерзімі айтылмаған болатын, деп жазды РИА Новости.
Украина президенті Зеленский үш апта бойы "норманд форматында" кездесу өткізуге ниетті екенін айтып жүрді. Ақырында Зеленскийді келіссөздерге шақырмады. Үш көшбасшыға ортақ, үштік форматында талқылайтын мәселелердің көптігіне байланысты Украина шетте қалып қойды.
Міне, күні кеше кезекті келіссөздер өтті. Оның аясында Украинадан Ливияға дейін, ресейлік вакцинадан Иранға дейінгі тақырыптар қамтылды. Навальный мен Лукашенко жайы да тыс қалмады. Бірақ ешбір мәселе бойынша жаңа белеске қол жетпеді. Себебі өзекті мәселелер бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік (Иран) немесе ниет (Украина) жоқ.
Макрон мен Меркель Ресей "Украинада оқ ату режимін тоқтатуды тұрақтандыру және Минск мәмілесін сақтау кезінде дағдарыстан шығу жолдарын әзірлеу бойынша міндеттемені өз мойнына алғанын" қалайтындарын көптен бері айтып келеді. Олар сондықтан Путинге Зеленскийдің қатысуымен "норманд форматында" кездесу өткізуді ұсынды. Мұндай басқосудың өту ықтималдылығы өте төмен. Себебі Путин түйісу орындарында қарулы қақтығысты қайта жандандыруға қатысты Украина ұстанымына алаңдаушылық білдіріп отыр. Донбаспен тікелей диалог орнатуға және конституциялық реформаны Берлин мен Париж Украинадан талап ете алмайды. Ондай болса реттемелеу мәселесінде ілгерілеу болуы екіталай. Макрон мен Меркель Донбастағы жаңа соғыс қаупімен қоқан-лоқы көрсету арқылы Путинді келіссөздерге икемдеу мүмкін емес екенін Зеленскийге түсіндіруі керек.
Беларусь тақырыбы бойынша да әңгіме өрби қоймады. "Жалпыұлттық инклюзивтік диалог пен тәуелсіз сайлау" мәселесін талқыламақ болғанда, Путин егемен елдің ішкі мәселелеріне араласуға жол жоқ екенін еске салды.
Кездесу барысында Путин "егер қарсы тарап ниет танытса, онда біз Еуроодақпен саясаттан тыс қалыпты қарым-қатынасты қалпына келтіруге дайынбыз" деген мәлімдеме жасады. Яғни, Еуроодақ Ресейдің ішкі мәселелеріне қол сұқпауға тиіс.
Меркель мен Макрон стратегиялық мәселелерді шеше алмайды, олар тек ішкі мәселелерге қызығушылық танытып отыр. Күзде Меркель канцлер қызметінен кетеді. Сондықтан ол қазір билікті қайтсем партиялас азаматқа ұсынамын деген оймен бас қатырып жүр. Ал Макронды алда өте күрделі президент сайлауы күтіп тұр. Оның келесі жылы қайта сайлануы екіталай.
Украина мәселесін шешпесе, Еуропа мен Ресей қарым-қатынасы атлантшылдардың ықпалы үшін солқылдақ бола бермек. Яғни Мәскеу еуропалық көшбасшыларды өздігінен шешім қабылдауға қауқарсыз, геосаяси мүмкіндіктері шектеулі саясаткер ретінде қабылдай береді.