НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі тілдес мемлекеттердің экономикалық аймағын құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдердің арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болды. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен", - деді Тоқаев түркі тілдес мемлекеттердің бейресми саммитінде.
Президент түркі тілдес мемлекеттер үшін алыс-берісті ұлғайту басты міндет екенін ерекше атап өтті.
"Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынамын", - деп атап өтті Тоқаев.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы коронавирус пандемиясын тоқтату мәселесіне қатысты ойын айтты.
"Індетті тоқтатудың бірден-бір жолы азаматтарымызды вакцинамен қамтамасыз ету екені айдан анық. Біздің елдеріміз де екпе шығаруды қолға алды. Ортақ мүддеге сай тәжірибе алмасып, бір-бірімізді қолдауымыз қажет", - деп толықтырды Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Түркістанды онлайн форматта таныстырды
Президенттің айтуынша, халықарлық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде бірлесіп әрекет ете алмады. Ал ірі мемлекеттер арасында "вакцина қақтығысы" басталып кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы да өз әлеуетін көрсете алмады.
"Осы күрделі кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Бұл ретте Біріккен Ұлтар Ұйымы Бас ассамблеясының 75-ші сессиясында Қазақстан биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Сіздер осы тың идеяны қолдайсыздар деп сенемін. Агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт жөнінде мәлімет алмасуға мүмкіндік береді",- деп түйіндеді Тоқаев.