Қоғам

Тоқаев Түркістанды онлайн форматта таныстырды 

© Sputnik / Айгерім ТаубайТүркістан қаласының мәдени-рухани орталығында "Тұңғыш президент саябағының" құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында Тұңғыш президент саябағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.03.2021
Жазылу
Қазақстап президенті саммитке қатысып отырған түркі тілдес елдердің басшыларын Түркістанды әлемге танытуға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Түркі өркениетін жаңғырту ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан басталады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Түркістан – барлық түркі халықтары үшін кастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде осы жерде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Яссауиден діни білім алып, түркі ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер кіші Азияға бет бұрғанда түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру", - деді Тоқаев.  

Осыдан кейін мемлекет басшысы түркі тілдес елдердің басшыларын Түркістанды әлемге танытуға шақырды.

"Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит "Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы" деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды", - деп атап өтті Тоқаев.

Тоқаевтың сөзінен кейін мемлекет басшыларына Түркістан туралы фильм көрсетілді. 

Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ұйымның құрметті төрағасы ретінде қатысты.

"Сіздер видеода көргендей біз 100-ден астам ғимарат салдық. Соның барлығын аяқтаймыз. Қала толығымен жаңғыртылады. Сіздер түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістанды көруге мүмкіндік аласыздар", - деп атап өтті Назарбаев.

Айта кетейік, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитін Түркістан қаласында өткізу жоспарланған болатын. Алайда пандемияға байланысты іс-шараны онлайн режимде ұйымдастыруға шешім қабылданды. Ұйымға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан кіреді.

Жаңалықтар
0