Наурыз мейрамының шығу тарихы тереңде жатыр. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Күн мен түн теңесетін бұл күн қазақ халқы үшін әрқашан қасиетті, киелі болды. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған.
Бұл мерекеде алтыбақан басында ән айтып, күй тарту, көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру секілді дәстүрлі ұлттық ойындар ойнаған.
Тағы оқыңыз: Наурызды жаңаша атап өту қажет – Тоқаев
Көшпелі қазақ халқы үшін қыстан аман өтіп, Жер Ананың бусанатын шағы – көктемге жету үлкен қуаныш болған. Бұл жаңару мен үміттің маусымы саналған.
Қазіргі заманауи қоғамда да Наурыз мерекесі өзінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Бүгінде Ұлыстың Ұлы күні жақындаған шақта айналаны тазалап, жеміс пен түрлі ағаштардың көшеттерін отырғызу, ұлттық ас-ауқат пісіруге үлкен мән беріледі.