АЛМАТЫ, 19 наурыз — Sputnik. Алматыда атасының 10 жасар немересін ұруына қатысты қозғалған іс тараптардың татуласуына байланысты жабылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
"Іс әкімшілік сотқа түсті, сот барысында тараптар татуласты. Баланың шешесі өз әкесімен татуласқандықтан, іс тоқтады", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Баланы ұрған адамға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша "Тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау" бойынша материалдар жиналған.
Ал қоғам белсенділері істің нәтижесіне наразы.
"Мен мұны баланың құқығын бұзу деп санаймын! Зорлық-зомбылықтың дәлелденген фактілері бойынша тараптардың татуласуын алып тастау керек", - деп жазды Facebook-те зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін "Немолчиkz" қорының жетекшісі Дина Смайылова.
Сондай-ақ Смайылованың айтуынша, жәбірленуші қылмыскерді жазалау немесе жазаламау туралы шешім қабылдамауы керек, бұл шешім заңмен реттелуі қажет.
"Оның үстіне жәбірленуші бала болса, ол қорғалмаған, бала үшін шешімді жақын туыстары қабылдайды. Соттағы үкім шығару кезеңіне жәбірленушілердің 10%-ы ғана жетеді, өйткені олар туыстары тарапынан қысымға ұшырайды", - деді қор басшысы деректерге сүйене отырып.
Оқи отырыңыз: "Атасы немересін аяусыз ұрған": полиция желіде тараған видеоға түсініктеме берді
Бұған дейін хабарлағанымыздай, әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның баланы ұрып жатқанын көруге болады. Бала көмекке шақырып: "Құтқарыңдар! Жедел жәрдемді шақырыңдар!", – деп айқайлайды.
Белгілі болғандай, бала жеңіл жарақат алған.