НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаттары жұмыс берушілерді өндірісте қаза тапқан жұмысшылардың отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде бір реттік төлем төлеуге міндеттеуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Nur Otan фракциясының мүшесі Ерлан Саировтың айтуынша, былтыр республика кәсіпорындарында жазатайым оқиғалардан 1 503 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5%-ке артық. 208 жазатайым оқиға өліммен аяқталды, ал бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ке көп.
"Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, 192 кәсіпорында адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға болып, 163 кәсіпорында жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді. Бұл ретте тек 58 кәсіпорында кәсіподақ ұйымы бар. Бұл көрініс жұмыс берушілердің қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріндегі жауапсыздығын байқатады", - деді ол вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, өліммен аяқталған өндірістік жарақаттанудың ең жоғары деңгейі құрылыс (19 %), тау-кен металлургия (14 %) және ауыл шаруашылығында (8%) байқалады.
Депутат жағдайды түзету үшін үкімет мынадай шараларды қабылдауы керек деп санайды.
"Өндірісте адам қаза тапқан жағдайда жұмыс беруші оның отбасына 10 жылдық жалақы көлемінде бір реттік төлем төлеуі тиіс деген талапты қалпына келтіру керек. Бүгінде кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін арттыруға ешқандай экономикалық ынталандыру жоқ. Сондықтан осы салада адамдардың өліміне алып келетін көзбояушылық пен формализм қаптап кеткен! Біздің іні-қарындастарымыз бейбіт заманда үйіне оралмай жатыр!", - деп ашынды Саиров.
Сондай-ақ, ол еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың нұсқамаларын орындамағаны үшін жауапкершілікті айқындай отырып, олардың мәртебесін құқықтық деңгейге шығару қажет екенін айтты. Тиісінше, еңбек саласындағы қоғамдық бақылаудың рөлі мен техникалық инспекторлардың миссиясын арттыру қажет.
Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстан кәсіпорындарында 185 адам қаза болды
Бұдан бөлек, депутаттар өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби ауруларды есепке алу және бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды ұсынды. Бұл материалдар жүйелі түрде трагедиялық жағдайдың себебі, оның құқықтық салдары жөніндегі ақпаратпен кәсіпорындар мен ұйымдарға жеткізіліп тұруы тиіс.
Сонымен қатар, олар өндірістегі жазатайым оқиғалардан, кәсіптік аурулардан зардап шеккендерді және кәсіптік тәуекелі жоғары қызметкерлерді жұмысқа орналастыру үшін қолданылатын мамандықтар атласын әзірлеу маңызды деп санайды.