НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Он бір айдың қорытындысы бойынша кәсіпорындарда 1 300 адам өндірістік жарақат алды, оның 185-і көз жұмды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда өндірістік жарақаттану саны 15 процентке төмендеді және оң динамика сақталуда.
"Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәсіпорындарда 1 300 адам жарақат алды, оның ішінде қаза тапқандар саны 185 адамды құрап отыр. Өндірістік жарақаттардың өсуі Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Солүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалды", – деді Нұрымбетов үкімет отырысында.
Мемлекеттік бақылауды күшейту аясында еңбек инспекторларының талабы бойынша 33 лауазымды тұлға жұмыстан босатылды, 11 техниканың жұмысы тоқтатылды, 812 іс құқық қорғау органдарына жіберіліп, олар бойынша 97 қылмыстық іс қозғалған.
Оқи отырыңыз: Көкшетауда жылу беруші кәсіпорын халықтың есебінен заңсыз пайда тапқан
Министр өндірісте жарақат алғандардың, сондай-ақ, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндердің санын қысқарту бойынша кешенді шаралар үкімет бекітілген жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.