Өңірлер

Түркістанда салмағы 135 келі болатын пациент асқазанын кішірейтті

CC0 / Svenja Behnisch / Семіздік
Семіздік - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.03.2021
Жазылу
Дәрігерлердің айтуынша, операциядан кейін 15 келіден бастап 70-80 келіге дейін артық салмақтан құтылуға болады

НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Түркістан облыстық клиналық ауруханасында семіздікпен ауыратын адамның асқазанын кішірейту бойынша кезекті ота сәтті өтті, деп хабарлайды Otyrar.kz порталы.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда халықтың 20 проценті семіздікпен ауырады. Бүгінге дейін облыс бойынша 1 973 адам есепке тұрған. 2017 жылдан бері облыстық клиникалық ауруханада лапороскопиялық бариатрия операциялары жасалады. Осы уақытқа дейін 48 ота жасалды.

Хирургия бөлімінің меңгерушісі Жеңіс Серғазиннің айтуынша, әрбір отаға жан-жақты дайындық жасалады. Науқастың жасына және денсаулығына қарайды. Созылмалы ауруларының бар-жоғы тексеріледі. Соған қарай отаның нәтижесі де әртүрлі болады. Операциядан кейін 15 келіден бастап 70-80 келіге дейін артық салмақтан құтылуға болады.

"Семіздікпен ауыратын адамды бірден операцияға жатқызбайды. Алдымен пациент диетаға отырады. Күн тәртібі мен физикалық белсенділігі де өзгеруі керек. Кей кезде психокоррекция да қолданылады. Осының бәрі көмектессе ғана ота жасауға болады", – дейді Серғазин.

Оның сөзіне қарағанда, дене массасының индексі де ескеріледі. Осы көрсеткіш 35-тен жоғары болуы шарт. Оны дене массасын бойдың ұзындығына бөліп, анықтауға болады.

Оқи отырыңыз: Неге кей адамдар қанша тамақ жесе де семірмейді?

Мәселен, ота жасалған соңғы пациенттің салмағы 135 келі болған. Ауруханаға түскенде семіздіктен бөлек қан қысымы, демікпе мен тершеңдік болған. Оны 26 ақпанда үйіне жіберді. Қазіргі кезде ол 10 келіні тастап, өзін жақсы сезінеді. Операциядан кейінгі оңалту кезеңі қысқа – үш-ақ күн. Алайда отадан кейін адам тамақ ішуге қатысты барлық ақыл-кеңестерді қатаң сақтауы тиіс.

Жаңалықтар
0