НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Алматыда бұрын сотталған екі жігіт бірігіп, оншақты пәтерге ұрлыққа түскен, деп хабарлады Polisia.kz.
Қаскөйлер қолдарына түскен құнды заттардың барлығын ұрлаған.
"1990 және 1994 жылы туған екі күдікті Алматының іргесінде орналасқан ауылда көрші тұрады. Сонымен қатар, олар бұрын мүлік қылмысын жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің бірдей баптары бойынша сотталған. Олар пәтерлерге кілттерді іріктеу арқылы кірген," – деді Алмалы аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Владимир Решетников.
Оқи отырыңыз: Павлодарда ұрылар жаңа көршілерін тонау үшін пәтер жалдаған
Оның айтуынша, бөтен біреулердің үйіне түскен қаскөйлер тез арада ақша мен бағалы заттарды тауып отырған. Олар өте тез қимылдаған, өйткені олар үйде ненің қай жерде болатынын білген.
"Қылмыскерлердің жылдамдығы қоқыс төгуге шыққан немесе дүкенге барып келген құрбандарды таңғалдыратын, өйткені олар қайтып келгенде үйінің тоналғанын көретін. Қылмыскерлер мүлдем із қалдырмауға машықтанған, олар мұқият әрекет етіп үйренген", - деп толықтырды Решетников.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында қысқа мерзімде күдіктілер анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта екеуі де уақытша ұстау изоляторында отыр. Олардың кем дегенде 10 пәтер ұрлығына қатысы бар екені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.