ПАВЛОДАР, 15 қаңтар – Sputnik. Жедел уәкілдер пәтер ұрлығына күдікті екі павлодарлықты ұстады, деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
9 қаңтарда екі ер адам Павлодарда, академик Бектұров көшесіндегі үйлердің бірінен пәтер жалдаған. Олар батылдау болу үшін ішімдік ішіп, көршінің есігін қаққан. Пәтерде ешкім жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін сыртқы есікті бұзып, тұрғын үйге кірген.
Ол жерден ноутбук, микротолқынды пеш, фотоаппарат, барсетка және қымбат иіс суды алып кеткен.
"Ұрылар ұсталды. Оларға қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандар Павлодар қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ельдар Әбдікенов.
Бұл бап үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салудан бастап мүлкін тәркілеп, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады.
Оқи отырыңыз: Алматыда ұры пәтерді үй иесінің көз алдында тонап кетті
Ұрылар пәтерге құлыпты бұзып, құнды заттардың барлығын, атап айтқанда, көбінесе зергерлік бұйымдарды, тұрмыстық техника мен ақшаны алып кетеді. Сондықтан, полицейлер үйден шыққан кезде терезе мен балкон есігінің мықтап жабылған-жабылмағанын тексеруді ұсынады.
Жыл басынан бері облыста төрт пәтер ұрлығы тіркеліп, барлығы ашылды.