Әлем

Омбы облысындағы ауылда жалғыз тұрып жатқан қазақ өз өмірі туралы айтты - видео

© Sputnik / Владимир Песня / Медиабанкке өтуДрова. Архивное фото
Дрова. Архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.02.2021
Жазылу
Рахметжан Құсайынов – Дүйсетай ауылының жалғыз тұрғыны. Үй-жайы, қора-қопсысы қираған, тірі жан баласы қалмаған ауылға ол кездейсоқ тап болып, 12 жыл бұрын фермерлік шаруашылық ашуды шешкен

НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik, Айгюзел Қадыр. Дүйсетай ауылы Омбы облысынан 130 километр қашықтықта орналасқан. Мұнда қазір тек бір ғана адам тұрып жатыр – Рахметжан Құсайынов.

Кеңес одағы кезінде ауылда шамамен 60 отбасы тұрған. Басым бөлігі қазақтар болған. Кейінірек халық келешегі жоқ ауылдан жаппай көше бастайды. Үйлер қирап қалған. 2009 жылы қабырғасы бүтін қалған жалғыз үйді Рахметжан Құсайынов сатып алып, ауылға мал айдап кіргізген.

Бүгінде Құсайыновтың Дүйсетай ауылында фермасы бар. Шаруашлықта вахталық әдіспен бір сауыншы және екі бақташы жұмыс істейді. Олар Москаленск ауданын ет және сүтпен қамтамасыз етіп отыр.

Ауыл неге қаңырап бос қалды

Рахметжан Құсайынов Дүйсетай ауылына кездейсоқ тап болған. Ол сол маңнан өтіп бара жатқан кезде ауылдан соңғы болып көшіп жатқан қарияны кездестіреді.

"Негізі өзім Новоцарицыно деген ауылданмын, сол жақта тіркелгенмін. 2009 жылдан бастап Дүйсетай ауылына қоныс аудардым. Мұнда қазаншұңқыр болды, электр желісі тартылған, өріс пен үй бар. Мал ұстап, шаруашылықпен айналысуға өте ыңғайлы. Менде ол шақта 2-3 жылқы, 3-4 сиыр, 50 қой болса, қазір мал саны көбейді: 30 бас сиыр, 200 қой және 30 жылқым бар", - деді Құсайынов Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Дүйсетай ауылында отырықшылыққа бет бұрған көшпелі қазақтардың ұрпақтары тұрған. Ер адамның айтуынша, кеңес одағы кезінде мұнда алпысқа жуық отбасы болған. 2002 жылғы халық санағы барысында 25 адам тіркелген.

"Дүкен мен мектепті жауып, ауылдың келешегі жоқ деді. Барлығы жан-жаққа тарап кетті. Енді адамдар басқа қайтпек? Сол уақытта ауылдарды ірілендіру бойынша шаралар қабылданды ғой. Ал, мен келген кезде мұнда ештеңе болған жоқ. Үй де, мектеп те жоқ. Мен сатып алған үй соңғы баспана болатын. Ол кеңес билігі кезінде, мүмкін, 90-шы жылдары салынған ба, кім білсін...", - деді ол.

Ауылда өркениет атаулыдан қалған жалғыз дүние – электр жарығы. Ауыз суды көрші ауылдан тасып ішеді. Ал, малды қазаншұңқырдағы сумен суарады. Аптасына екі рет ауыл жанынан көрші Татьяновка аулына қарай автобус жүреді.

Оқи отырыңыз: Назарбаевқа айтар өтінішім бар – Омбы қазағы

"Жолды арнайы қызмет тазалайды. Ал, батпақ болған кезде өзіміз амалдаймыз. Осы жылы қыс қатты болған жоқ. Қар мен аяз жоқ. Бір апта ғана далада аяз тұрды. Бірақ, бұл аса қорқынышты емес. Бұдан да қатты қысты көрдік. 2012 жылы қар қалың жауып, аяздан көз ашпадық. Наурызда 12 күн далаға шықпай отырдық", - деп еске алды Рахметжан Құсайынов.

Көліктер батпаққа батып қалған кездер де болған.

"Мұнда бөтен адам жүрмейді. Біз барлығымыз бір-бірімізді танимыз. 2013 жылы көлікті боран ұшырып әкетті. Жолаушылардың арасында ересектер де, балалар да болды. Мен оларды Дүйсетайға атпен жеткіздім. Олар бір күн түнеп, түстен кейін жол ашылғанда көлігін жөндеп, өз жөніне кетті. Бізге алғысын айтты. Ал бізге алғыстан басқа не керек", - дейді шаруа.

"Ауылдан көшу әзірше жоспарда жоқ"

Құсайынов ферманы дамытқысы келетенін, бірақ, қаражат жағы қиындық туыдырып отырғанын айтты.

"Жанармай мен майлау материалдары, қосалқы бөлшектер қатты қымбаттап кетті. Ал біздің өнім – сүт. Ол әлі сол 18-19 рубль көлемінде тұр. Ет бағасы 250 рубль. Біз өзіміздің Москаленск ауданын қамтамасыз етіп отырмыз. Біз істі бастаған кезде солярка 0 рубль болса, қазір 50 рубль 50 тиын тұрады", - деді ол.

Ауыл тұрғыны салықты уақытылы төлеп отырғанын және жұмысшыларға жалақыны кешіктірмей беретінін айтты.

"Егер, біз 100% табыс көрсек, ферманы дамытуға 25-30% қалады. Сондықтан ел қатарлы күн көріп, ас ішіп, киім киюге ғана қаражат қалады. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп бай болу екіталай", - деді ол.

Оның айтуынша, Новоцарицынск округінің құрамына кірген Дүйсетай ауылында бұрынғы тұрғындардан ешқандай техника қалмаған. Ол бұл жердің топырақ құнарлы екенін атап өтті.

"120 гектарға егін егіп, жинап алып отырмыз. Топыраққа салған бір түйір бидайдың өзі көктеп шығады. Айналамыз орман. Саф ауа. Бақша ексең де болады. Бір қап картоп ексең, 25-30 қап өнім аласың", - деді ауыл тұрғыны.

Дүйсетай ауылынан көшу оның жоспарында әзірше жоқ.

"Басқа не істеймін? Арақ ішкім келмейді. Оған уақытым да жоқ. Әлі де жұмыс істей тұрсам деймін", - деп қалжыңдады ол.

"Интернет желісі нашар жұмыс істейді. Мен рөлде келе жатырмын. Қазір Дүйсетайға бұрыламын. Сол кезде байланыс жоғалып кетеді...", - деген кезде онымен әңгіме де үзілді.

ХХ ғасырда Омбы облысында шамамен 600 қазақ ауылы болған. Қазір олардың саны 40-қа жуықтайды. Жергілікті қазақтар ұлттық мәдениетті, тілді дәріптейді,  қазақтың мейрамдарын тойлайды.

Бұған дейін Sputnik Қазақстан Ресейдің Новосібір облысындағы Маметкино ауылында тұрып жатқан жалғыз отбасы Байсүгіровтер туралы жазған болатын.

Видеоны Омбы облыстық "12 арна" телеарнасы ұсынды

Жаңалықтар
0