Сарапшылар сұраныс артуына байланысты баға біртіндеп өседі деп болжап отыр. Бұл бірінші кезекте жасыл энергияға көшуге асықпай жатқан Азия елдеріне байланысты. Алайда, жағдайды ЕО мен Жапония өзгертуі мүмкін. Жағдай қалай өрбитіні туралы РИА Новости материалында.
Мұнай саласы пандемиядан қатты зардап шекті. Өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмысын тоқтатты, көлік және әуе қатынасы қысқарды. Негізгі мұнай өнімі саналатын жанармайға деген сұраныс құлдырады.
Сондықтан, ОПЕК + елдеріне өндірісті күрт қысқартуға тура келді. Мысалы, Ресей 8,5 процентке қысқартты. Бұл туралы желтоқсан айында РФ президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде вице-премьер Александр Новак мәлімдеді.
Бірақ баға сәуір айының соңында барреліне 20 доллардан маусымның ортасына қарай 40 долларға дейін өсті. ОПЕК + елдерінен басқа Иран да АҚШ санкцияларына байланысты өндірісті тәулігіне 2,8 миллион баррельден 0,3 миллионға дейін азайтты.
Желтоқсанда айында мұнайдың бір баррелінің бағасы 52 доллар болды. Содан кейін коронавирустың жаңа штаммы мен кезекті шектеулер туралы жаңалықтарға байланысты бағада қайтадан кері шегініс болды.
Қазір сұраныс қалпына келіп жатыр. Ауқымды вакцинация мұнай нарығына оптимизммен қарауға себепші болып отыр. Себебі, бұл коронавирустың таралуына кедергі болып, бірқатар елдерде шектеулердің алынуына ықпал етпек. Ақпан айында баға белгілері тұрақты түрде өсуде. Brent маркалы мұнай 61 доллар шегінен асып түсті. Соңғы рет мұндай баға өткен жылдың 7 қаңтарында болған.
Сондай-ақ, ОПЕК сұраныс пен ұсыныстың теңгеріміне қарай ай сайын квоталарды қайта қарастырып жатыр.
"Бұл тәсіл нарық қатысушыларының алаңдамауына әсер етеді. Олар вакцина тиімсіз болған жағдайда картель тарапынан қолдау болатынына және экономиканың коронавирусты пандемияға дейінгі қалпына қайта оралатынына сенім бідіріп отыр", - деді Жоғары қаржы басқару мектебінің аналитикалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Михаил Коган.
ОПЕК + елдері қаңтардан бастап өндірісті тәулігіне екі миллион баррельге дейін арттыру туралы ұсыныстан бас тартты. Алайда, Ресей мен Қазақстанға өндірісті аздап көбейтуге рұқсат берді. Қалған мемлекеттер ақпан-наурыз айларында нарықтан өз еркімен күн сайын 1,425 миллион баррельді алып тастап отырады. Бұл тұста миллион баррель Сауд Арабиясына тиесілі. Әйтсе де, осы уәделер аясында мұнай бағасының өсуі әлі де жалғасып жатыр.
Бірақ, сарапшылар мұнай бағасы аса қарқынды өседі деп ойламайды. Бұған бір уақытта бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, мұнай қоры әлі де көп. Бүкіл әлем бойынша қоймаларда миллиардтан астам баррель мұнай жиналып тұр.
Сонымен қатар, Ливия мұнай жеткізуді арттырып жатыр. Нарыққа Ираннан келген шикізат толып кетуі ықтимал. "Ливия мұнайы өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуі мүмкін, ал Иран мұнайы ОПЕК + ұйымын өз саясатын түзетуге мәжбүр етеді. Бірақ, бұл үшін ең алдымен Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіспеушілік реттелуі керек", - дейді Коган.
Ол алдағы айларда мұнай 52-65 доллар аралығында сатылады деп болжап отыр.
Экономикасы жылдам қарқынмен қалпына келіп жатқан Азия елдері нарыққа қолдау көрсетеді. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, 2021 жылы Қытайда сұраныс тәулігіне 745 мың баррельге, Үндістанда 380 мың баррельге өседі.
Сонымен қатар, Қытай мен Үндістанның мұнай өңдеуші зауыттары болжанған мөлшерден көп отын қажет болуы мүмкін. Бұл елдер жасыл энергияға көшуге асығар емес.
"Ұшақтар мен кемелер баламалы энергия көздерін пайдаланбайынша, мұнайды ауыстыру туралы мәселе туындауы мүмкін емес. Сондықтан, АҚШ Энергетика министрлігінің 2050 жылға қарай шикізат бағасы 173 долларға дейін қымбаттайды деген болжамы шындыққа жанасады. Бұл тарихи 2008 жылдағы көрсеткіштен (147) де жоғары болмақ. Алайда, жағдай бірқалыпты болса, мұнай бағасы 95 долларды, негативті өрбіген болса, 48 долларды құрайды деп болжануда. Қалай болғанда да, жасыл энергетиканың кеңінен таралуы көмірсутектерге деген сұранысты біртіндеп төмендетіні анық", - дейді "Фондовый капитал" инвестициялық компаниясының бас аналитигі Даниил Болотских.
Осылайша, 2030 жылға қарай Германия энергетика секторындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Жапония 2025 жылға қарай іштен жану қозғалтқыштарын электр қозғалтқыштарына ауыстыруға дайындалып жатыр.