Қоғам

Министрлік зейнет жасының өзгеретіні туралы ақпаратқа түсініктеме берді

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге, монета
Ақша, теңге, монета - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.02.2021
Жазылу
Ведомство зейнетке шығу жасы халықаралық тәжірибеге және әлемде қалыптасып отырған экономикалық, демографиялық жағдайға сәйкес келетінін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Мессенджер мен әлеуметтік желілерде зейнет жасы төмендейтіні туралы ақпарат – жалған. Қазақстанда зейнеткерлікке шығу жасын өзгерту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

"Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстанда зейнеткерлік жасының өзгеретіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнет жасы – 63 жас, әйелдер үшін қазір – 60 жас және одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады", - делінген ведомствоның ресми сайтында.

Қазақстанда белгіленген зейнет жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген.

"Зейнетке шығу жасы халықаралық тәжірибеге және әлемде қалыптасып отырған экономикалық, демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан Қазақстанда зейнет жасын өзгерту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды сұраймыз", - деді министрліктен.

Ведомство жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланатынын еске салды.

Қазақстандағы зейнетақы жүйесі

Бүгінде республикада ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдерін қамтитын үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Зейнетақының жиынтық мөлшері еңбек өтіліне байланысты болып келеді.

Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп жойылып жатқаны белгілі, өйткені оны тағайындау кезінде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ғана ескеріледі. Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қалыптасқан жинақтаушы зейнетақының рөлі артады (зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері де соғұрлым жоғары болады).

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: енді қайта өтініш беру үшін 45 күн күтудің қажеті жоқ

Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық адамға тағайындалады. Ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нен 100%-не дейінгі мөлшерде төленеді. Яғни, азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақының мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Кімдер зейнетке ерте шыға алады

  • 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;
  • Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған әйелдер – 45 жас.

Сондай-ақ, жұмыс істемейтін әйелдердің кішкентай балаларын бағып-күткен уақыты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеледі. Бірақ ол әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жылдан аспайды.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар зейнетақы жинағы жеткілікті болған кезде зейнетақы аннуитетін пайдалана алады.

Биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жасы төмендетілді, енді ол 45 жастан басталады. Бұл ретте аннуитеттік төлемдер ерлер үшін 55 жастан, әйелдер үшін 52 жастан басталады. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, ал  осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан жүргізіледі.

Жаңалықтар
0