НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті көлік салығын төлеуге қатысты ТОП-10 сұрақтың жауабын жариялады.
Баспасөз қызметінің ақпаратынша, бұл сауалдар комитеттің байланыс орталығына өте жиі түседі.
Салық бойынша қарызымды қайдан көре аламын?
ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталында "Электронды сервистер" бөлімінде салық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы ақпаратты көруге болады және E-SalyqAzamat мобильді қосымшасы арқылы (AppStore және PlayMarket жүктеу).
Мен жеке тұлғамын, 2020 жылға көлік салығын қашанға дейін төлеуім керек?
2021 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей.
Көлік салығын өзім қалай есептей аламын?
Сіз көлік салығын Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталында "Электронды сервистер" бөлімінде орналасқан "Калькулятор" қызметін және E-SalyqAzamat мобильді қосымшасын пайдаланып есептей аласыз.
Менде қазір көлік жоқ және болған емес, бірақ көлік салығы есептелген, қайда баруым керек?
Көлікке салынатын салық уәкілетті мемлекеттік органның ақпараты негізінде есептеледі.
Автокөлік болмаған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне меншік құқығында көліктің жоқ екені туралы уәкілетті мемлекеттік органнан анықтама ұсыну қажет.
Көлік салығын төлеу үшін қандай реквизиттер қажет?
Көлік салығының реквизиттері:
БСК коды - 104402, СТК коды -911;
пайыздық мәліметтер: СТК коды - 912.
Жеке тұлға көлік салығын қайда төлейді?
Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді.
Жеңіл көлік мініп жүргеніме бірнеше жыл болды, алайда салық сомасы жыл сайын өседі, мұның себебі неде?
Салық ставкасы АЕК мөлшеріне және көлік қозғалтқышының сыйымдылығына байланысты, сәйкесінше жыл сайын АЕК-тің өсуіне байланысты салық та көбейеді.
Егер мүгедектің меншігінде қозғалтқыш сыйымдылығы 4000 текше см.-ге дейінгі автокөлігі болса, ол көлік салығынан босатыла ма?
Көлік салығынан босату тек бір ғана көлік үшін қарастырылған. Бұл ретте, қозғалтқыш сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөліктердің иелері көлік салығынан босатылмайды.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтардан жүргізуші куәлігі қай күннен бастап талап етілмейтіні белгілі болды
Егер де қозғалтқыш сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе және сол тіркелген уақыттан бастап көлік иесі өзгермесе, онда ол адам салық төлеуден босатылады.
Маған неге ұрланған көлік үшін салық есептелген?
Көлік ұрлау бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растайтын мәлімет ұрланған көлікке салынған салықтан босатуға негіз болады.
Көлік ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап салықты есептеу тоқтатылады және қылмыстық іс тоқтатылған немесе кері қайтарылған күннен бастап салық қайта есептеледі. Осылайша, егер уәкілетті мемлекеттік органда көлікті ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалмаса, салық органының көлік салығын есептеуді тоқтатуға еш негізі жоқ.
2020 жылға көлік салығын есептеу үшін қандай айлық есептік көрсеткіш қолданылады?
Көлік салығын есептеу үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады, яғни 2020 жылдың салығы 2 651 теңгемен есептеледі.
Мемлекеттік кірістер комитеті Байланыс орталығына 1414 нөмірі бойынша (қосымша нөмір – 4) қоңырау шалуға болатынын еске салды.