НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Зарина Камасова, Ғалымжан Елеуов және Лариса Павловец бүгін коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырды.
Мәжіліс депутаттары вакцинаның бастапқы кезеңінен өздерінің медициналық әріптестерімен қатар алғашқылардың бірі болып өтті, деп хабарлады парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева қандай вакцина салдыратынын айтты
Олар VII шақырылымдағы мәжіліс депутаттары болып сайланғанға дейін індетпен күрес шеңберінде өңірлерде медициналық мекемелерде жұмыс істеп, халыққа қажетті көмек көрсеткені аталып өткен.
Депутаттар жаппай вакцинациялау ұжымдық иммунитетті тез қалыптастыруға және қазақстандықтардың өмірін қалыпты жағдайға келтіруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
"Дәрігер ретінде қазір жаппай вакцинация ғана коронавирустың таралуына қарсы тұра алатындығын жақсы түсінемін. Әрине, бұл әр адамның ерікті шешімі. Өзім үшін бұл мәселені біржақты шештім: екпе жасағым келеді, өйткені менің денсаулығым, туыстарым мен достарымның денсаулығы осыған байланысты, - деді мәжіліс депутаты Лариса Павловец.
Сонымен қатар, депутаттар екпеден кейінгі жағдайы жақсы екенін айтты.
Қалған депутаттарды вакцинациялау наурыз айында денсаулық сақтау министрлігінің кестесіне сәйкес жүргізіледі.
Баспасөз қызметі мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осыған дейін коронавирус инфекциясымен ауырғандықтан, оның ағзасында антидене бар екенін атап өтті. Сондықтан екпе салдыруды қажет ететін медициналық көрсеткіштер жоқ.