НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. "Спутник V" вакцинасын салдырғаннан кейін коронавирусқа қарсы иммунитет екі жыл сақталады. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева қандай вакцина салдыратынын айтты
1 ақпанда қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіле бастады.
"Күні кеше ғана әлемдегі жетекші медициналық ғылыми журналдардың бірі - Lancet (Ұлыбритания) SARS-CoV-2 коронавирусына қарсы вакцинаның тиімділігі 91,6%-ті құрағанын хабарлады. Бұған қоса, "Спутник" вакцинасын алғаннан кейін иммунитет кем дегенде екі жыл сақталатыны дәлелденді. Вакцина коронавирустың жаңа "британдық" және "оңтүстікафрикалық" штаммдарына да тойтарыс бере алады", - деді Қиясов онлайн брифингте.
Ол вакциналау кезең-кезеңмен жүргізілетінін атап өтті.
Ең алдымен, медицина қызметкерлері, кейін педагогтер, күш құрылымдарының қызметкерлері егіледі.