НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Ақмола облысының Астрахан ауданындағы тасжолда жол апаты бес адамның, оның ішінде екі баланың өмірін қиды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қайғылы жағдай өткен жексенбіде, 31 қаңтарда Екатеринбург - Алматы тасжолында, Жамбыл ауылы маңында сағат 23:22 шамасында болды.
"ВМW X5 маркалы автокөлік пен КамАЗ соқтығысты. Жүк көлігі алда келе жатқан", - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәр Пинчук.
Апат салдарынан бес адам: шетелдік көліктің 34 жастағы жүргізушісі мен төрт жолаушысы – екі әйел, екі кәмелетке толмаған бала қаза тапты.
Әр түрлі жарақат алған тағы екі бала Нұр-Сұлтан қаласының №2 қалалық ауруханасына жатқызылды.
BMW жүргізушісінің ішімдік ішпегені хабарланды.
Тәртіп сақшылары Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тексерісті бастады.