Қоғам

Мораторий аяқталады: Жанұзақ Әкім жер дауына нүкте қою үшін не істеу керектігін айтты

© Sputnik / Виталий Тимкив / Медиабанкке өтуАуыл шаруашылығы
Ауыл шаруашылығы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жанұзақ Әкім қазақтың жерін шетелдіктерге сатуға және шекаралас мемлекеттерге жалға беруге тыйым салу керек деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар – Sputnik. Биыл 31 желтоқсанда Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталады. Осыған байланысты ел президенті Жер комиссиясының жұмысын қайта жандыруды тапсырды. Үкімет қарашаға дейін Жер кодексіне түзетулер енгізуі тиіс. Sputnik Қазақстан 2016 жылы құрылған Жер комиссиясының мүшесі, Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкіммен тілдесіп, жер дауына нүкте қою үшін қандай өзгерістер енгізу қажеттігін сұрады.

"Шекаралас елдерге жер берілмесін"

Жанұзақ Әкім қазақтың жері шетелдіктер мен шетелдік компанияларға сатылмауы және жалға берілмеуі керек екенін айтты. Бірақ, Қазақстанпен шектеспейтін елдерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру жолдарын қарастыруға болады деп санайды.  

"Мәселен, Қазақстанмен шекаралас емес Үндістан, Америка немесе Еуропа елдеріне жерді жалға беруге қарсы емеспін. Алайда, 49 жылға емес, ең көбі 25 жыл. Оларға жерді ауыл шаруашылығы мақсатында немесе шағын зауыттар салуға ғана пайдалануға рұқсат етілуі тиіс. Зауыттар кейін көшіріп алып кетуге ыңғайлы болатындай, модульді болуы керек. Ал ауыл, қала тұрғызуға, әлбетте, тыйым салынуы қажет", -деді ол.

Оның айтуынша, Қытайдың 17 көрші елмен жер мәселесінде дауы бар. Оның ішіне қазақтың жері де кіреді. Сол себепті Қазақстанмен шекаралас елдерге жерді жалға беруге мүлде болмайды.

Ал шекара аймағындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының игеруіне рұқсат етілуі тиіс.

"Шекара аймағындағы жерлерді өз азаматтарымызға үш-бес жылға жалға беруге болады. Ол жерлер бос тұрмауы керек. Бірақ, жерді жалға берерде шекарашылардың қызметіне кедергі келтірмеуін ескерген жөн", - деді Әкім.

Ол қазақстандықтар ауыл шаруашылығы жерлерін барынша игеруі керек екенін атап өтті. Айтуынша, 1991 жылы ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі, яғни экономикадағы үлесі 41% болса, 2016 жылы 8 есе, 4,7%-ке дейін түскен.

"Бұл үлкен проблема, біздің экономикадағы дисбаланс. Ауылдық жерлер дамымай қалғаннан кейін қаржылық-экономикалық процестерден шет қалды. Мәселен, Батыс елдерінде ауылда тұратын халықтың 8%-і қалған 92%-ті асырайды. АҚШ-та ауыл фермері орта есеппен 130 адамды азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Ал бізде ауыл адамдары өз отбасын да асырай алмайды. Сондықтан қазақтарға барлық мүмкіндікті беру керек, сонда ғана экономика көтеріледі", - деп есептейді жер комиссиясының мүшесі.

Шетелдіктермен некеде тұрғандарға жер беруге бола ма

Жанұзақ Әкім азаматтық алып, қазақтың баласымен шаңырақ көтерген шетелдік Қазақстан азаматының құқықтарын пайдаланатынын атап өтті. Яғни, заңда осы жағы да назардан тыс қалмауы керек деп жалғастырды сөзін.  

Тағы оқыңыз: Мемлекет басшысы қарашаға дейін Жер кодексіне түзету енгізуді тапсырды

"Қазақстанның азаматы болсаңыз, онда жер алуға құқылысыз. Басқа елден қоныс аударып, қазақтың қызына үйленсе, азаматтық алса, заңда бұл жағын қарастыру қажет. Азаматтық алған шетелдік Қазақстан азаматының құқықтарын пайдаланады. Егер ол шын ниетімен осы елдің азаматы болып, Қазақстанға қызмет етемін, өмірімді арнаймын десе, беруге болады. Жерді елдің мүддесін, болашағын ойлайтын азаматтарға ғана беру қажет. Жер мемлекеттің негізі, сондықтан оған сақ болуымыз керек",- деді ол.

Латифундистермен күрес

Жанұзақ Әкімнің сөзінше, Қазақстанның ең құнарлы жерлері ірі төрт латифундистік компанияның қолында. Олар жерді алғанмен, басым бөлігін игермейді.

Комиссия мүшесінің пікірінше, 10 мың гектардан артық алатын адамдарға прогрессивті салық салу керек. Қанша гектер жер алса, сонша мөлшерде салық төлеуі тиіс.

"Сол кезде жерді ұрлау, тонау деген болмайды. Бұған қатысты біз 2016 жылы ұсыныс жасадық. Қазақстанға 22 миллион гектарға егін егудің қажеті жоқ, ол бюджет ақшасын жеу. Біздің елге 12-13 миллион гектар жетеді. Алты миллионы экспорт, қалғаны ішкі сұраныс пен тұқымға қалады. Оның бәрі ғылыми дәлелденген. Ал бұлар отыз жыл бойы 22 милллионға егіп, содан кейін күзде бес миллионы шіріп кетті, жинай алмай қалдық деп өтірік есеп береді. Осының барлығын тоқтату үшін үкіметке ұсыныстар берген едік. Енді соны қадағалау керек. Латифундистер керегі жоқ. Ауыл халқы мал бағатын жер таппай отыр, ал бізде 30 жылда 100 миллион гектар жайылым қысқарған. Ол жер қайда кетті?", -деп ашуланды Әкім.

Егін егу неге тиімсіз

Спикер Қазақстан үшін бидай егу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп санайды. Оның орнына тары мен жүгеріні өсірген жөн.  

"Тары мен жүгері орташа 60-80 центнер береді. Яғни, 6-8 есе көп. Екінші жағынан, нанды көп жесек, қант диабеті, жүрек ауруы, онкология ауруларына жиі шалдығамыз. Қазақ мыңдаған жыл бойы тары жеп келген халық. Ол кезде мұндай аурулар болған емес", - дейді Әкім.

Тағы оқыңыз: Қазаққа жерді ешкім сыйға тартқан жоқ - Тоқаев

Ол қазақстандықтарды ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге ынталандыру қажет екенін жеткізді. Өйткені халықтың 43 проценті ауылда тұрады.

"Аграрлық саланы дамытуымыз керек. Оның ішінде жайылым. Жайылымда жүретін ірі қара мен қойды алсақ, біздегі бір келі еттің құны – 1 доллар 10-20 цент. Нарықтағы құны 4 долларға барады. Әлемдегі ең арзан ет өндіретін ел – Қазақстан. Бізден кейін Канада, одан кейін Аргентина. Біз осы саланы дамытуымыз керек. Себебі шығын жоқ, мал өзінен өзі жайылады. Ал біз әлі осыған қол жеткізе алмай келе жатырмыз", - деді Жанұзақ Әкім.

Комиссия жұмысын қашан бастайды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Sputnik Қазақстанға қазір комиссия құрамын жасақтау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Комиссия құрамына депутаттар, агроөнеркәсіп саласындағы беделді тұлғалар, қоғам қайраткерлері, блогерлер, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

"Комиссия құрылғаннан кейін, Жер кодексінің мораторий жарияланған нормалары бойынша комиссия мүшелерімен бірыңғай шешім жобасы дайындалып, қоғаммен ашық талқыланады", - делінген ресми жауапта.

Түбегейлі шешім қабылданғаннан кейін, заң жобаларының жұмыс жоспары аясында Жер кодексіне өзгерістер енгізу бойынша заң жобасы әзірленеді.

Жаңалықтар
0