Қоғам

"Шешім қабылдаған жоқпын": министрлер мен депутаттар қандай вакцина салдыратынын айтты

© AFP 2024 / JOEL SAGETЕкпе
Екпе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Наурыз айында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады. Ал қазірге кезде QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық депутаттар мен министрлер коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігіне сенеді. Кейбірі тіпті отандық вакцинаны бірінші болып салдыруға дайын. Бұл туралы олар Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында айтты.

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай COVID-19-ға қарсы вакцина алуға дайын екенін жеткізді. Бірақ, әзірге ресейлік "Спутник V" немесе қазақстандық QazCovid-IN вакциналарының қайсысын егетінін шешпеген.

"Әзірге шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ, қалай болғанда да, егер халыққа салынса, мен де шет қалмаймын. Өйткені бұл жаппай вакцинация ғой. Әрине, қарсы шығып жатқандар да бар. Бірақ біз бәрін түсіндіруіміз керек. Адамдар түсінеді деп ойлаймын. Қауіп жоқ емес, алайда вакцина болмаса, оның орнына басқа нәрсе қажет. Сол себепті бұл бағытта тиісті жұмыс жүріп жатыр", – деді мәжілісмен Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Ол өзі де, жақындары да коронавируспен ауырмағанын айтты.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз таңдауын жасап қойған. Тіпті, препаратты полицейлердің арасында бірінші болып аламын деп отыр.

"Мен қазақстандық вакцинаны салдырамын. Полиция қызметкерлері арасында бірінші болып қабылдаймын", – деп қысқа қайырды ведомство басшысы.

Әділет министрі Марат Бекетаев ақ халаттылардың кеңесімен вакцина алатынын жеткізді.

"Мен дәрігерлердің кеңесіне құлақ асамын. Дәрігерлерімізге сенемін, қандай ұсыныс айтса, соны істеймін", – деді министр.

Биліктен кімдер вакцина салдырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы қазақстандық препараттың сынақ нәтижелерін күтіп отыр.

"Егер жақсы нәтиже көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын", – деген болатын Тоқаев 26 қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын алғаш салғызған шенеуніктердің бірі – білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Ведомство басшысы екпені былтыр тамыз айында ектірді. Ол вакцинадан кейін дене қызуы көтерілмегенін, антидене пайда болғанын айтқан еді.

Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан президентінің көмекшісі Ерлан Қарин де салдырды.

Жаппай вакцинация

Қазақстанда биыл 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталады. Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіледі. Вакцинациялау ерікті түрде және тегін салынады.

Вакцина бірінші кезеңде:

Инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары – 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап шамамен 100 мың адам;

екінші кезеңде:

жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындарының педагогтері, медициналық қызметтің жұмысшылары – 2021 жылдың наурызынан 150 мыңға жуық адам;

үшінші кезеңде:

мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, созылмалы аурумен ауыратындар – сәуір айынан бастап 600 мың адам.

Айта кететін жәйт, "Спутник V" 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Яғни, екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана салынады.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз: Төрт ай бұрын коронавирусқа қарсы екпе салдырған қазақстандық сұқбат берді

Ал 2021 жылдың наурыз айында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады.

Қазір QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы өтіп жатыр. Оның аясында вакцина 3 мың еріктіге егілді.

Жаңалықтар
0