Өңірлер

Тоңазытқыштағы сәби өлімі: сотталғандардың әріптестері сот үкімін жеңілдетуді сұрады

© Photo : Public DomainСуд, правосудие
Суд, правосудие - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дәрігерлер мемлекет басшысына, дәрігерлердің құқығын қорғау жөніндегі республикалық ұйымдарға, кәсіподақ ұйымдарына жазаны жеңілдету туралы өтініш жазады

АЛМАТЫ, 22 қаңтар – Sputnik. Атырау перинаталдық орталығының ұжымы тоңазытқыштағы сәби өліміне кінәлі деп танылғандарға тым қатаң жаза берілді деп санайды, соған байланысты сот үкімін жеңілдетуді сұрады, деп хабарлады ATPress.kz.  

Орталық директорының міндетін атқарушы Асқар Кенжеғалиев әріптестерінің ұзақ жылға сотталуына алаңдаушылық білдіріп, жаза мерзіміні қысқартуды ұсынды.

"Ешкім сот үкіміне қарсы емес. Алайда біз өз ұсынысымызды құжат түрінде рәсімдеп, мемлекет басшысына дейін жолдауға құқығымыз бар деп есептейміз. Жазаны жеңілдету үшін шаралар қолдануға болады деп үміттенеміз. Себебі әріптестерімізге тым ауыр жаза берілді. Бұл уақытқа дейін олар қаншама бала мен ананың өмірін сақтап қалды, қаншама отбасыға бақыт сыйлады. Болашақта әріптестеріміз қоғам үшін үлкен пайда әкелуі мүмкін", - деді Асқар Кенжеғалиев.

Айтуынша, медицина қызметкерлері сот процесі бір жақты жүргізілгеніне наразы. Сондай-ақ, әріптестерінің мұндай жағдайға бей-жай қарамайтынын атап өтті.

"Осындай қиын жағдайда медицина қызметкерлері қалыпты жұмыс істеп, тікелей міндеттерін орындай алмайды. Мұның себебі неде екенін де  жасырмаймын. Көп жылғы еңбегіне қарамастан, мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін көз алдына елестете алмады. Осыдан кейін біздің жас мамандардан не күтуге болады, көзінде ұшқын болмаса, қалай жұмыс істейді?", - деді Кенжеғалиев.

Айтуынша, айтылған жайттың барлығын ескере отырып, олар мемлекет басшысына, дәрігерлердің құқығын қорғау жөніндегі республикалық ұйымдарға, кәсіподақ ұйымдарына жазаны жеңілдету туралы өтініш жазады.

Сондай-ақ, Кенжеғалиев сот үкіміне келіспеген орталық ұжымының жаппай жұмыстан босату туралы өтініш жазғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Оқи отырыңыз: Атырауда сәбиді өлтірген дәрігерлерге қатаң жаза кесілді

Порталдың хабарлауынша, медицина қызметкерлерімен мәслихат депутаттары, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков және әкімнің орынбасары Бақытгүл Хаменова кездесті. Олар дәрігерлердің өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Жаңа туған нәрестенің өлімі

2019 жылдың 29 қыркүйегінде Атырау перинаталдық орталығында дүниеге келген нәресте қимылсыз жатқаннан кейін дәрігерлер оны өлі туды деп тіркеген. Алайда стоңазытқыш камераға апарған кезде аяғы қимылдай бастаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, дәрігерлер құжатты түзетпеу үшін оны тоңазытқышта қалдыруға шешім қабылдаған. Сотта тергеуші Асқарбек Ермұқашев дәрігерлердің телефон арқылы сөйлескен стенограммасы бар екенін айтқан.

Филологиялық сараптаманың қорытындысы да жасалды. Сонда дәрігерлердің бір-бірімен кеңесіп, баланың тағдырын шешкені анық байқалады. Әңгіменің стенограммасында "Құдай бізді кешірсін" деген сөздер бар.

Дәрігерлерге сот үкімі шықты

2020 жылдың 18 қаңтарында Атырауда жаңа туған баланы алдын ала сөз байласу арқылы өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне сот үкімі шықты.

Сот оларды кінәлі деп танып, перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жәмилә Құлбатырованы 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығы шектелді.

Жаңалықтар
0