НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зеййнетақы қоры зейнетақы жинақтарын SMS арқылы тексеруге болатын жаңа сервисті іске қосты.
"Ол үшін cabinet.enpf.kz/porog порталына өтіп, mGov мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөміріне SMS арқылы келіп түсетін бір реттік құпиясөз арқылы кіру қажет", – деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметінен.
Бір реттік құпиясөз арқылы порталға кіру үшін бар-жоғы бірнеше қадам жасау керек:
- өзіңіздің ЖСН және ұялы телефон нөміріңізді енгізіңіз;
- дербес деректеріңізді жинауға және өңдеуге өз келісіміңізді беріңіз;
- "Кодты жіберу" батырмасын басыңыз;
- жолданған алты таңбалы кодты ұялы телефоннан енгізіңіз.
Бұл қосымша сервис салымшылар үшін өте ыңғайлы, себебі, ол жеткіліктілік шегін ЭЦҚ-сыз және БЖЗҚ бөлімшелеріне бармай-ақ білуге мүмкіндік береді. Жаңа сервис мемлекеттік органдар айқындайтын ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптарға толық сәйкес келеді.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: БЖЗҚ жеткіліктілік шегі туралы ақпарат таратты
Айта кетейік, Қазақстанда жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емдеу рәсімдерінің ақысын төлеуге жұмсауды, сондай-ақ, инвестициялық басқару үшін жеке басқарушы компанияларға беруді қарастыратын заң қабылданды.