НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар — Sputnik. АҚШ конгресінің өкілдер палатасы президент Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы шешім қабылдады.
Бұл ұсынысты 232 конгресмен қолдаса, оның ішінде 10 шенеунік президенттің партияластары. Дональд Трамптың биліктен тыныш кетуіне не кедергі екенін төменгі материалдан оқыңыз.
Бірлескен "шабуыл"
Дональд Трамптың сайлаушыларымен белсенді байланыс орнатқан твиттер парақшасы бұғатталды. Енді ол үшін Ақ үйді де "бұғаттамақшы". Конгрестің өкілдер палатасы вице-президент Майк Пенске көшбасшыны қызметтен босату туралы ұсыныс көрсетілген резолюция жолдады.
Пенстің өзі болса осы әрекетті қатты сынап, бүлікшілердің дауыс берушілер санын бекітуге қатысқан вице-президентке шабуыл жасамақшы болғаны үшін біршама уақыт Трамппен сөйлеспей қойған көрінеді. Алайда импичмент туралы идеяға қолдау көрсеткен жоқ. Конституциядағы 25-ші түзетуді қолдану арқылы Трампты "өз міндетін атқаруға қабілетсізідігі" үшін қызметтен босатудың салдары ауыр болады деп санайды Пенс.
Демократтар мемлекет басшысының орынбасарынсыз-ақ өз ойларын іске асыра алады. Ол үшін өкілдер палатасындағы дауыстар басым болса жеткілікті. Оның үстіне, бұл процеске республикашылдар да қолдау білдірді. Олардың қатарына Джордж Буш кезіндегі вице-президенттің қызы Дика Чейни де бар.
"Бұрын-соңды АҚШ көшбасшысы өз әкімшілігі мен Конституциясын осыншалықты сатып кеткен емес, – деді ол отырыс алдында. – Мен Трамп импичментін жақтап дауыс беремін".
Ол өзі берген антты бұзды деген пікірмен тағы төрт республикашыл келісті.
Дауыс беру қарсаңында Конгрестің төменгі палатасының спикері Нэнси Пелоси Трампты сенаттағы қызметінен аластату туралы іс бойынша тоғыз айыптаушыны тағайындады. Бұл іс жүзеге асуы үшін дауыстардың үштен екісі қажет. Егер жоғарғы палатадағы барлық демократ өз әріптестерінің бұл шешімін қолдаса, онда республикашыл сенаторлардан тағы 17 мақұлдау дауыс қажет болады.
The New York Times басылымы жазғандай, 20 республикашыл шенеунік Трампты импичментке "қиып" отыр. Алайда іске келгенде олар қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Егер Трамп қызметінен шеттетілсе, онда оның орнына Майк Пенс келеді.
Сенатта бұл импичмент идеясына қарсылық білдіргендер де бар. Солардың бірі – Трамп жақтаушысы сенатор Линдси Грэм. Ал сенаттағы республикашыл Митт Ромни импичмент процесіне уақыт жоқ екенін мәлімдеді. Расында да, уақыт аз қалды.
19 қаңтарға дейін Сенат демалыста болады және олар Байденнің инаугурациясына дейін үлгеруі екіталай. Республикашыл көпшіліктің жетекшісі Митч Макконнелл импичмент туралы шешім 20 қаңтарға дейін шығуы мүмкін екенін жоққа шығарды. Ол бұл процесс жедел орындалмайтынын еске салды: алдыңғы сот ісі 83 күн, 37 күн және 21 күнге созылды. Сонымен қатар, бірде-бір америкалық президент сенат қаулысымен қызметінен босатылған емес.
Қазір сарапшылар конгрестің жоғарғы палатасы Трамп қызметінен кеткеннен кейін де оған үкім шығара алады ма деген мәселені талқылап жатыр. Сенаторлар процедураны нақты қалай жүзеге асыруы керек? Бұл туралы Конституцияда да, АҚШ-тың басқа заңдарында да көрсетілмеген. Қалай болғанда да, депутаттар барлығына қол сілтей алмайды, деп бөлісті Мәскеу мемлекеттік университетінің Франклин Рузвельт атындағы АҚШ-ты зерттеу қорының директоры, америкашыл Юрий Рогулев РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.
"Алдыңғы импичмент әрекеттері түрлі тәртіпте қарастырылды. Себебі, Конституцияда бұл процесс жалпылама жазылған, – деп түсіндірді ол. – Тек қос палатаның импичмент кезіндегі қызметтері екі түрлі. Егер төменгі палата бұл ойды қолдаса, онда жоғарғы палата оған нүкте қоюы керек".
Мұны Джо Байденнің инаугурациясынан кейін сенаттың жаңартылған құрамымен іске асыруға да болады. Жаңа көшбасшы келген соң жоғарғы палатада демократтар саны басым болады да, жаңа вице-президент Камала Харрис шешуші дауысты иеленеді.
Алайда кейбір сарапшылар жаңа сайланған сенат құрамы бұрынғы президентке уақыт жоғалтқысы келмеуі ықтимал екенін айтады. Қалай болғанда да, Трамп Америка тарихындағы екі рет импичмент жарияланған президент болып қала бермек.