АЛМАТЫ, 12 қаңтар – Sputnik. АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жаңадан сайланған мемлекет басшысы Джо Байденнің инаугурациясы қарсаңында Вашингтонда төтенше жағдай режимін енгізді. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалды, деп хабарлады Ақ үйдің баспасөз қызметі.
"Президент Трамп Вашингтонда төтенше жағдай жариялады. Сонымен қатар президенттің ұлықтау рәсіміне байланысты төтенше жағдайда әрекет ету үшін қала күшіне қосымша федералды көмек жіберуді бұйырды", - делінген хабарламада.
Төтенше жағдай режимі 11-24 қаңтар аралығына екі аптаға енгізілді. Джо Байденнің АҚШ-тың 46-шы президенті ретіндегі инаугурациясы 20 қаңтарға жоспарланған.
Sputnik радиосы ақпаратына сәйкес, Вашингтон мэрі Муриэл Баузер көрші Мэриленд және Виргиния штаты губернаторларымен бірлескен мәлімдемесінде инаугурация күні ел астанасына бармауға шақырды.
АҚШ-та не болып жатыр
6 қаңтарда Америка президенті Дональд Трамптың ондаған мың жақтаушысы президент сайлауының нәтижелеріне қарсы митингіге шықты. Олар Капитолийге бару үшін Ақ үйдің маңына жиналды.
Трамп бір күн бұрын Джорджия штатында сөйлеген сөзінде Ақ үйді Байденге "бермеуге" уәде берді. Америка көшбасшысы егер демократтар сенат пен әкімшілікті "басып алса", президенттік лауазым үшін "тозақ шайқасын" ұйымдастыру туралы жоспарын айтты.
АҚШ Конгресі қарашада өткен президент сайлауының нәтижелерін ресми түрде бекіту рәсімін бастады, сол кезде Трамптың жақтастары Капитолий қоршауынан (Конгресс ғимараты) өтіп, кешен ғимараттарының біріне кірді.
Капитолийдегі атыс кезінде АҚШ әскери әуе күштері ардагері Эшли Бэббитт көз жұмды. Тағы үш адам зорлық-зомбылық әрекетінен бөлек себептен қайтыс болды.
Митинг саябырлаған соң АҚШ Конгресі Капитолийдегі тәртіпсіздіктер мен Вашингтондағы коменданттық сағат кезінде Джо Байденнің АҚШ президенті болып сайлануын бекітті.
8 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter парақшасы арқылы бейнеүндеу жасап, Вашингтондағы тәртіпсіздіктерге қатысқандардың заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.