НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірлік пен сенімнің арқасында елде тұрақтылық пен тыныштық сақталып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толып отыр. Осы жылдар бойы Ассамблея этностарды, діни конфессияларды біріктірудің бірегей органы ретінде барлық адамды бірлікке, төзімділікке, сенімге, еліміздің болашағы үшін бірігуге шақырып келеді. Осындай бірлік пен сенімнің арқасында біз елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтап отырмыз", - деді Назарбаев ҚХА сайлайтын мәжіліс депутаттығына кандидаттарға дауыс бергеннен кейін.
Коронавирус пандемиясы Қазақстан бастан өткеріп отырған алғашқы дағдарыс емес, деп жалғастырды сөзін Елбасы.
"Біз сізбен бірге мұны да еңсеріп шығамыз деген ойдамын. Біз бүгін дауыс берген тоғыз депутат – Қазақстанда өмір сүретін түрлі ұлт пен этностардың өкілдері. Олар әр адамның құқығы мен бостандығына кепілдік беретін заңнаманы қамтамасыз етеді, тарих пен мәдениетімізді сақтайды, барлық этнос пен діни бірлестіктер арасында жақсы қарым-қатынас орнатуға сеп болады", - деді Назарбаев.
Тағы оқыңыз: ҚХА депутаттарын сайлау: Назарбаев дауыс берді
Ол ҚХА посткеңестік мемлекеттердің барлығына үлгі болғанын атап өтті.
"Өздеріңіз білесіздер, Ресей де біздің тәжірибемізге сүйеніп Ассамблея құрғалы жатыр. Басқалары бұған дейін құрып қойған. Яғни, біз Ассамблеяны сақтап, оның институттарын дамытуымыз керек", - деді Елбасы.
Дүйсенбі, 11 қаңтарда, Бейбітшілік және келісім сарайында Ассамблея сайлайтын мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша ҚХА-ның XXVIII сессиясы ашылды.
Қазақстанның тұңғыш президенті, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА-дан мәжіліске ұсынылған кандидаттарға дауыс берді.