НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолаушылар ұшағының құлауына байланысты Индонезия президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев Sriwijaya Air ұшағының апатынан қаза болғандарға байланысты Индонезия президенті Джоко Видодаға Қазақстан халқының және өз атынан көңіл айтты.
"Жантүршігерлік апатта жақындарынан айрылған отбасылардың ауыр қайғысына ортақпын. Жаратушы олардың қайғысын жеңілдетіп, қазаға ұшырағандардың жанын өзінің мейірімімен жарылқасын", – делінген жеделхатта.
Тағы оқыңыз: Адам мәйіттері табылды: Индонезияда жолаушылар ұшағы құлады
Кеше, 9 қаңтарда индонезиялық БАҚ жергілікті Sriwijaya Air әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағының апатқа ұшырағанын хабарлады.
Әуе компаниясының мәліметінше, бортта барлығы 62 адам, соның ішінде 56 жолаушы және экипаждың алты мүшесі болды.