АЛМАТЫ, 10 қаңтар – Sputnik. Мәскеуде Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігі жанындағы №265 сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де Парламент мәжілісіне сайлау басталды.
Сайлау учаскесінің жұмысы Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындаудан басталды.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің кеңесші-елшісі Еркін Тұқымов Мәскеу уақытымен 10:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14:00) Ресей астанасындағы учаскеде 174 сайлаушы дауыс бергенін атап өтті. Оның айтуынша, дауыс беру қалыпты режимде өтіп жатыр, азаматтар белсенділік танытуда.
Оқи отырыңыз: ОСК сайлаушылар белсенділігі туралы ақпаратты бөлісті
Мәскеудегі учаскеге алғашқылардың бірі болып ұжымдық қауіпсіздік келісімі жанындағы Тұрақты кеңестегі республиканың өкілетті өкілі Жәнібек Иманалиев барды.
Қазақстан азаматтары Санкт-Петербург, Қазан, Астрахан және Омбыдағы Қазақстан бас консулдығы жанынан құрылған төрт учаскеде дауыс бере алады.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін жалғасады.
Сайлау учаскесіне келген кезде азаматтардың қолында Қазақстан Республикасы азаматының паспорты немесе жеке куәлігі болуы қажет.
Сайлауда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ескерілген. Кіреберісте дене қызуы тексеріледі, сайлаушыларға медициналық бетперде, қолғап беріледі, әлеуметтік арақашықтық сақталған.