НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Spunik. Орталық сайлау комиссиясы сайлауда онлайн-трансляция жүргізуге салынған тыйымның төңірегіндегі іс-әрекеттерді саяси троллинг деп атады. Бұл туралы ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Spunik Қазақстан тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы 2020 жылдың 4 желтоқсанында тәуелсіз бақылаушылардың міндеттері мен құқықтары айқындалған қаулы қабылдаған еді.
Құжатқа сәйкес, бақылаушылар сайлау учаскесінен онлайн трансляция жүргізе алмайды, бірақ фото-видео және аудио жасауға құқылы. Алайда оларды заң бұзушылықтардың айғағы ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Ал ұйымдар бақылаушыларды сайлауға өздерінің жарғылық мақсатына сай болған жағдайда ғана жібереді.
ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаевтың айтуынша, кейбір қоғамдық ұйымдар Орталық сайлау комиссиясының дәл осы қаулысымен келіспей жатыр.
"Бізге 13 заңды тұлғадан өтініш түсті, олардың арасында қоғамдық ұйымдар бар. Олар сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттігін іске асыруға қатысты сұрақтар қойған. Біз бұл мәселені ОСК отырысында екі рет қарадық, барлық материалды сайтқа жарияладық, онлайн брифинг өткіздік. Алайда атқарылған жұмысқа қарамастан, жекелеген қоғамдық ұйымдардың өкілдері біздің жауаптарымызды естімегендей кейіп танытып, бұл тақырыпты одан әрі өрбітіп жатыр", - деді Дауылбаев онлайн отырыста.
Тіпті, бір үкіметтік емес қоғамдық бірлестік сотқа шағымданып, ОСК қаулысы – ресми нормативтік-құқықтық акті екенін айтқан.
Тағы оқыңыз: Дауыс беру учаскесінде сайлаушының дене қызуы көтерілсе, не болады
Алайда Дауылбаев қаулыда құқық нормалары жоқ екенін, ол нормативтік-құқықық акті болып табылмайтынын түсіндірді. Соған сәйкес, қаулы әділет министрлігінде тіркеуге жатпайды.
"Тағы да қайталаймын, Орталық сайлау комиссиясының 4 желтоқсандағы қаулысы – бейресми түсіндіру актісі. Бір ай бұрын мен адамдар құқықтық сауатсыздығынан қаулыға сенімсіздік білдіріп жүргеніне сенімді едім. Алайда қазір мұның білмегендіктен емес, әдейі ұйымдастырылған саяси троллинг екені ап-айқын", - деді комиссия мүшесі.
Айтуынша, мұны жасап жүрген адамдар – жай ғана хайп қуғандар немесе танымал болуды көздейтіндер.
Ол қоғам белсенділерінің бұл әрекетін "арандату және қоғамдық пікірді бұрмалау" деп атады.
"Сайлауды бақылауға ниет қылған қоғамдық бірлестіктерге мұның құқықтық процесс екенін еске салғым келеді. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, заңды сақтауға тура келеді", - деді ол.
2021 жылы 10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтеді.