Қоғам

Дауыс беру учаскесінде сайлаушының дене қызуы көтерілсе, не болады

© Sputnik / Владислав ВодневСайлау, дауыс беру, иллюстративті фото
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Инфекциялық ауру, соның ішінде коронавирус белгілері бар қазақстандықтардың сайлау күні дауыс беру учаскесіне келуіне тыйым салынды

НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. 10 қаңтар күнгі парламент сайлауы кезінде медицина қызметкерлері мен волонтерлер сайлау учаскелерінде қазақстандықтардың дене қызуын тексереді. Ыстығы көтерілген азаматтар қалай дауыс беретіні туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында айтып берді.

COVID-19 белгілерін кім анықтайды

"Сайлау күні жергілікті атқарушы органдар дауыс беру учаскесіне кіреберісте медициналық қызметкерлердің немесе еріктілердің кезекшілігін қамтамасыз етеді. Олар КВИ белгілері бар азаматтарды анықтау үшін термометр арқылы азаматтардың дене қызуын тексереді", – дейді Байтанаев.

COVID-19 белгілері қандай

Байтанаев қандай параметрлер негізінде адамның коронавирустық инфекция жұқтырғаны анықталатынын атап өтті.

"Егер, сайлау процесіне қатысушылардың дене температурасы көтерілгені (37°C-ден жоғары) және КВИ-дің басқа белгілері анықталса, олар медицина қызметкерінің тексеру жүргізуі немесе жедел жәрдем бригадасының келуін күтуі үшін сайлау учаскесіндегі бөлек бөлмеге оқшауланады", – деді ол.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 41-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен дауыс беруші оқшау бөлмеде дауыс беруге құқылы.

Дауыс беруге арналған оқшау бөлме қандай болады

"Адамның денсаулығы нашарлаған болса, отыруына немесе жатуына ыңғайлы орындық (немесе басқа да жиһаз) бар оқшау бөлме. Сондай-ақ, ғимаратта 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтық талабы сақталуы керек", – деп түсіндірді Байтанаев.

"Егер сайлаушы дауыс бергісі келсе, онда ол бөлмеде сайлау комиссиясының мүшелері мен бақылаушылардың болуына рұқсат (қалауы бойынша). Сенімді тұлғалар, бақылаушылар мен БАҚ өкілдерінің орналасу орны әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, сайлау комиссиясының төрағасымен белгіленеді", – деді ресми өкіл.

Ол сенімді тұлғалар, бақылаушылар мен журналистер міндетті түрде бетперде киіп, қолдарын антисептикпен тұрақты өңдеуі және әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек екенін айтты. Бір реттік бетперделер әрбір үш сағат сайын ауыстырылады.

Оқшау бөлмедегі ауа залалсыздандырыла ма

Байтанаевтың айтуынша, дауыс беруге арналған барлық бөлмеде қолды тазалауға арналған антисептикті санитайзерлер орналастырылады.

"Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар қажеттілігіне қарай бөлмені желдету, дезинфекция құралдарымен дауыс беру кабиналарын өңдеу және ылғалды тазалау жүргізуді қамтамасыз етеді", – деп сендірді ол.

Оның айтуынша, есік тұтқасы мен жақтаулар, дауыс беру кабиналары, үстелдер мен орындықтардың беті, оргтехника, дауыс беруге арналған стационарлық және тасымалды дауыс беру жәшіктерінің дезинфекциясына ерекше көңіл бөлінеді.

Бақылаушылар мен ОСК мүшелері вирустан қалай қорғалады

Байтанаев науқастармен бір бөлмеде болатын бақылаушылар мен ОСК мүшелері инфекциялық аурулардан қалай қорғалатынын айтып берді.

"Сайлау процесіне қатысатындардың барлығы бетперде тағу режимін сақтауы мен антисептикалық құралдармен қолды тұрақты өңдеп тұруы және әлеуметтік қашықтықтың сақталуы қатаң қадағаланады", – деді ол.

Байтанаев бақылаушылар мен ОСК мүшелері бетке арналған қорғаныш экранын қолданатынын атап өтті.

Сонымен қатар, сайлау комиссиясының мүшелері отырған үстелдерге қорғаныш қалқандар орнатылады.

"Инфекциялық ауру, соның ішінде, коронавирустық инфекция белгілері бар барлық азаматты үйде болуға және өздері тұратын мекенжай бойынша дауыс беруге шақырамыз", – деп қорытты Байтанаев.

Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің №69 қаулысына сәйкес, дауыс беру байланысқа түспей жүргізілуі мүмкін. Ол үшін сайлаушы денсаулық жағдайына немесе отбасындағы науқас адамға күтім жасауына байланысты (соның ішінде, оқшаулану немесе карантин талаптарын сақтау қажеттілігі бойынша) өз үйінде дауыс беру туралы өтінішті алдын ала беруі керек.

Жаңалықтар
0