НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Алматыда жүргізілген арнайы рейд кезінде көлемінің үлкендігімен қоймай, көрінісі құбыжыққа ұқсас ерекше балықтар сатылып келгені анықталды, деп хабарлайды "Хабар 24".
Тексеріс кезінде Алматы полициясы мен аймақтық инспекция қызметкерлері бір тоннадан астам балықты тәркілеген. Ал саудагерлердің қолында олардың қайдан жеткізілгенін растайтын ешбір құжаты болмай шықты.
Балықтар Солтүстік айналма жолдың аумағында көлік фургонында сатылған. Бүгінгі таңда саудагерлерге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Алдын ала болжам бойынша келтірілген шығын көлемі 6 миллион теңгеге жуықтайды.
"Сатушылар балықтың қайдан ауланғанын айта алмады әрі қолдарында тиісті құжаттар да жоқ. Үстеме бағамен сату мақсатында балықты жеке тұлғалардан сатып алған көрінеді", – деді Алматы облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының мемлекеттік аға инспекторы Ринат Құмашев.
Инспекторлар балықтар Сорбұлақ көлінен аулануы мүмкін деп санайды. Ал бұл су қоймасынан балық аулауға тыйым салынған. Сондықтан да бұл жер жоғары деңгейде күзетіледі.
"Біз әкем екеуміз көл суының құрамын зерттеу үшін 2010 жылы сынама алуға келгенімізде, қару асынған күзетшілер кетуімізді талап етті", – дейді Eco Fund Tabigat қорының төрағасы Тимур Елеусізов.
Оның түсіндіруінше, су құрамындағы токсин мен майдың әсерінен балықтар семіріп қана қоймай, тіршілік иелері мутацияға ұшырай бастаған. Соған қарамай ол жақта балық өнеркәсібі кең өріс алып, жабайы нарықта сатылып жатыр.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік тұрғын Бадам өзенінен ерекше балық аулады – фото
Ал мамандар мұндай балықтарды тағам ретінде қолдану қауіпті екенін айтып, дабыл қағып отыр.
Айта кетейік, қазіргі кезде су қоймасы "Алматы су" кәсіпорнының бақылауында. Ал бұл мегаполистің кәріз жүйесі мен сумен жабдықталуына жауапты мекеме болып табылады.