НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қанша твит жасағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл президент Twitter-де 630-дан астам, ал Instagram-да 30 хабарлама жариялады, – деді ол "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында.
Ол Тоқаевтың Твиттерде берген нұсқаулары қалай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
"Айталық, Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақмола облысындағы "Көбейтұз" көліне келтірілген зиянды әрекеттерге алаңдаушылық білдіріп, тиісті министрліктерге тапсырма берді. Соның нәтижесінде көрікті жердегі келеңсіз әрекет тоқтатылды. Бүгінде экологиялық ағарту жұмыстары жүргізілуде", – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар, ол президент бірқатар депутаттар мен патриот азаматтардың мемлекеттік рәміздерді, әсіресе туды күнделікті өмірде кеңінен қолдану туралы ұсынысына назар аударып, үкіметке қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізуді тапсырды. Соның нәтижесінде, туды қоғамдық, көпшілік орындарда, үйлердің балконына ілуге рұқсат берілген үкімет қаулысы шықты.
Президенттің тікелей араласуымен Маңғыстау облысындағы Бозжыра қорығы аумағында салынатын қонақүйдің құрылысы қайта қаралады.
Оқи отырыңыз: Экология министрі Бозжыра шатқалындағы құрылысқа қатысты жазба жариялады
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударғаны белгілі. Нәтижесінде, қала әкіміне қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту тапсырылды.