Саясат

Парламент БАӘ-ге астанадан жер беру туралы келісімді ратификациялады

© PhotoАбу-Даби қаласының көрінісі
Абу-Даби қаласының көрінісі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі таңда Әмірліктер Қазақстан үшін – Парсы шығанағы аймағындағы және жалпы араб әлеміндегі негізгі саяси және экономикалық серіктестердің бірі

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне дипломатиялық өкілдік үшін жер телімін өтеусіз пайдалануға береді. Сенат екі ел үкіметінің арасындағы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан үкіметі мен БАӘ үкіметі арасындағы Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігінің және БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Абу-Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

Келісім 2017 жылы 15 қаңтарда Абу-Даби қаласында жасалған.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді келісімді ратификациялау Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру және дипломатиялық қатынастарды дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.

"Заң жобасының қабылдануы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және БАӘ-нің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды", - деді Тілеуберді.

Келісімнің 1-бабына сәйкес, БАӘ-ге Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздік пен Қошқарбаев даңғылының қиылысында көлемі 26 147 шаршы метр жер учаскесі, ал Қазақстанға Абу-Даби қаласында дипломатиялық корпус орналасқан ауданда көлемі 11 148 шаршы метр жер учаскесі 49 жылдық мерзімге өтеусіз пайдалануға, кейіннен осындай мерзімге ұзарту шартымен беріледі.

Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, 2010 жылы 19 қазанда Абу-Даби әмірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігінің қажеттіліктері үшін өтеусіз және мерзімсіз пайдалану үшін қосымша 1 гектар жер учаскесін бөлу туралы бұйрық шығарған.

Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді.

Оқи отырыңыз: "Жер учаскелерін беру тәртібі жеңілдейді": заң жобасы әзірленді

Айта кетсек, БАӘ тарапы келісімді ратификациялау рәсімін 2017 жылы 23 тамызда аяқтады.

Қазақстан мен БАӘ арасында 1992 жылы 1 қазанда дипломатиялық қатынас орнатылды.

Қазіргі таңда Әмірліктер Қазақстан үшін – Парсы шығанағы аймағындағы және жалпы араб әлеміндегі негізгі саяси және экономикалық серіктестердің бірі.

Биыл қазанда Қазақстан премьері Асқар Маминнің Әмірліктерге жұмыс сапары барысында жалпы сомасы 6,1 миллиард АҚШ долларын құрайтын үкіметаралық меморандумға қол қойылды.

Сенат аталған келісімді бірауыздан ратификациялады. Заң президенттің қол қоюына жіберілді.

Жаңалықтар
0