Қоғам

Қазақстандықтар Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатыр

© Photo : almaty2017.com/ru/Қыз туды ұстап тұр
Қыз туды ұстап тұр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл Тәуелсіздіктің 29 жылдығы әлемді жайлаған коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келіп отыр, мерекеге орай қазақстандықтар қатарынан төрт күн демалады

НҰР-СҰЛТАН, 16 желтоқсан – Sputnik. Бүгін Қазақстанда ұлық мереке – Тәуелсіздік күні. Қазақ халқы қасиетті де қастерлі күнді 29-шы рет қарсы алып отыр.

Қазақстан тәуелсіздігін қашан алды

Қазақстан үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атқан еді. Дәл сол күні республика тәуелсіз ел ретіндегі өзінің жаңа тарихына қадам басты.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер өз алдына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да бар еді. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заң қабылдады. Бір қызығы, Қазақстан одақ құрамындағы елдер арасында мемлекеттік егемендігін ең соңғы болып жариялады.

Тағы оқыңыз: Елбасының қазақстандықтарға үндеуі жарияланды

"Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады", - деген болатын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде.

Елдің басты ұлттық мерекесіне орай қазақстандықтар осы жылы қатарынан төрт күн – 16, 17, 18 және 19-ы демалады. Жексенбі, 20 желтоқсан жұмысқа шығады.

Пандемия жағдайында Тәуелсіздік күні қалай мерекеленеді

Коронавирус індетіне байланысты ұлық мерекені кең көлемде атап өту мүмкін болмады. Адамдардың қауіпсіздігі үшін мерекелік шаралар шектеулі форматта және онлайн өтеді.

Мереке қарсаңында өткен салтанатты шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 29-шы жылы күрделі, қиын әрі ерекше болғанын айтқан еді.

Мемлекет басшысы алдағы жыл – межелі кезең екенін де еске салды.

"Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады", - деді Тоқаев.

© Официальный сайт Президента КазахстанаТәуелсіздік күні қарсаңында президент бірқатар қазақстандыққа мемлекеттік награда табыстады
Қазақстандықтар Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатыр - Sputnik Қазақстан
Тәуелсіздік күні қарсаңында президент бірқатар қазақстандыққа мемлекеттік награда табыстады

Тәуелсіздік күніне орай президент жылдағы дәстүрмен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Сондай-ақ, Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп та құттықтады.

Мәдениет министрлігі Тәуелсіздік күніне орай онлайн және офлайн форматта 60-тан астам республикалық шара өткізуді жоспарлап отыр.

16 желтоқсанда "Хабар" телеарнасында "Тәуелсіздік – тұғырым" концерті көрсетіледі.

Осы күні "Астана балет" театры офлайн форматта "Сұлтан Бейбарыс" қойылымын ұсынады. Ал "Астана опера" театры мерекелік концерт  береді.

Сонымен қатар, 16 желтоқсанда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік театры көрермендерді "Қазақтар" спектакліне шақырады.

Негізгі іс-шараның бірі –  "Ұлы дала – Тәуелсіз ел!" мерекелік концерті 16 желтоқсанда республикалық арналардың бірінде онлайн көрсетіледі.

17 желтоқсанда "Хабар" арнасының эфирінде "Сәлем, Елорда!" жобасы көрермендерге жол тартады.

Мерекелік шаралар 18 желтоқсан күні де жалғасады. Бұл күні Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының Youtube арнасынан "Табассум" мерекелік шоу-бағдарламасын тамашалауға болады.

Әр өңірде атаулы күнге орай мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Оларды мәдениет ұйымдары мен министрліктің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан көре аласыздар.

Биыл ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында 16 желтоқсанда мерекелік отшашу болмайды.

Жаңалықтар
0