НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Нұр-Сұлтанның 1 миллионға жуық тұрғыны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында (ӘМСҚ) сақтандырылды, деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтандағы филиалының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Нұр-Сұлтанда сақтандырылған халықтың саны 965 735 адамға жетті, бұл халықтың – 83%. Елорданың сақтандырылмаған азаматтарының үлесі 17,6%-ті құрап отыр.
"Біз әкімдік деңгейінде өңірлік штаб өткіздік. Бізде шамамен 205 мыңға жуық тұрғын сақтандырылмаған. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", - деді Нұрлыбек Қабдықапаров Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен брифингте.
"Бұл жағдайда денсаулық сақтау басқармасы жұмыспен қамту басқармасымен және аудандық әкімдіктермен бірлесіп тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр. Бізде аумақтарда жұмыс істейтін, үй-үйді аралап, осындай азаматтарды анықтайтын топтар бар. Күн сайын олармен жұмыс істейміз", - деді ол.
Басқарма басшысының орынбасары сақтандырылған мәртебесін алу қиын емес екенін атап өтті – елорданың барлық емханасында сақтандыру жарнасын төлеуге болатын терминалдар орнатылған.
"Бұл функция терминалда бар. Ол бірден сақтандырылған азаматқа айналып, міндетті медициналық сақтандыру аясында көмек ала алады. Бізде ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі де бар екенін атап өткім келеді", - деді Рүстемова.
2020 жылдың 11 айында астаналықтар 113 миллиард теңге (270 миллион доллардан астам) көлемінде медициналық қызмет алды. Оның ішінде ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында – 76,5 миллиард теңге (183 миллион доллар), міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде – 36,6 миллиард теңге (87,5 миллион доллар) жұмсалған.
Оқи отырыңыз: COVID-19: астаналық дәрігерлерге қанша көлемде жәрдемақы төленгені айтылды
Елорда тұрғындары консультативтік-диагностикалық қызметтер үшін 14,3 миллиард теңге (34 миллион доллар), стоматологиялық қызметтер үшін 225 миллион теңге (538 мың доллардан астам), жоғары технологиялық медициналық қызметтер үшін 1 миллиард теңгеден астам (2,3 миллион доллар) төледі.
Қор мәліметіне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерден 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2020 жылдың 30 қарашасына дейін 54 миллиард теңгеден астам (130 миллион долларға жуық) аударымдар мен жарналар түскен.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 қарашасына дейін елордадағы жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 24 миллиард теңгеден (57,4 миллион доллар) астам қаржы аударды.