Қоғам

БҰҰ каннабисті заңдастырды ма – сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді

© Sputnik / Владислав ВодневЗдание Министерства иностранных дел
Здание Министерства иностранных дел - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Каннабис Есірткі заттары жөніндегі бірыңғай конвенцияның "IV тізімінен" шығарылғанына қарамастан, есірткі заты болып қала береді, деп мәлімдеді Қазақстаның сыртқы істер министрлігі

НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Қазақстаның сыртқы істер министрлігі БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің каннабисті заңдастырғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айта кетейік, 2 желтоқсанда БҰҰ-ға қарасты Есірткі заттары жөніндегі комиссияның отырысында дауыс беру арқылы каннабис пен оның шайырларын 1961 жылғы Есірткі заттары жөніндегі бірыңғай конвенцияның "IV тізімінен" шығару туралы шешім қабылданды. Осы тізім ерекше қауіпті есірткі заттарына бақылау шараларын реттейді. Ал оған өзгеріс енгізуді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ұсынған болатын.

Отырыста комиссияға кіретін 53 мемлекеттің 27-сі, олардың ішінде Еуроодақтың елдері мен АҚШ сарапшылардың ұсынысын қолдап, дауыс берді. Қазақстан делегациясы Бразилия, Мысыр, Қытай, Ресей, Жапония және тағы басқа комиссияның 24 мүшесі секілді қарсы дауыс берді.

"Каннабис "IV тізімінен" шығарылғанына қарамастан, 1961 жылғы Конвенцияның "І тізіміне" сәйкес есірткі заты болып қала береді, яғни ол осы Конвенцияның негізінде алдағы уақытта да бақыланады. Осылайша БҰҰ шеңберінде каннабисті заңдастыру бойынша мәселе қарастырылған жоқ. Сол себепті ЕЗК отырысына қатысушылар бұл шешім каннабиске қарсы халықаралық бақылаудың әлсіреуіне әкелмейтінін, ол бұрынғыдай халықтың денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті", - делінген министрліктің ресми түсініктемесінде.

Бұдан бөлек, Конвенцияның 39-бабына сәйкес, мемлекеттер осы құжатта көрсетілмеген басқа да есірткімен күресудің қатаң шараларын қолдануға құқылы. Сондықтан Қазақстанда және халықаралық конвенцияларға қатысушы көптеген басқа елдерде білім беру және ғылыми мақсаттардан тыс каннабис пен одан әзірленетін заттардың айналымына, сондай-ақ құрамында есірткі бар дәрілерді өндіруге қатаң тыйым салынған.

"Марихуана, гашиш және каннабистен әзірленетін заттардың халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына, әсіресе балалар мен жастардың денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескере отырып, Қазақстан каннабиске қарсы шараларды жан-жақты ойластырып отырады және осы мәселе бойынша халықаралық қоғамдастықпен тығыз байланыста жұмыс істей береді", - дейді министрлік мамандары.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда жаяу жүргіншінің сөмкесінен 13 пакет есірткі табылды – видео

Айта кетейік, БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясы Венада (Аустрия) орналасқан. Оның құрамына төрт жылдық мерзімге сайланатын 53 мүше мемлекет кіреді. Қазақстан 2020-2023 жылдарға ЕҚЗ мүшесі болып сайланған.

Каннабис және онымен байланысты заттар көптеген жыл бойы 1961 жылғы Есірткіге қарсы бірыңғай конвенцияның және 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияның тізімдеріне енгізілген. Қазақстан осы екі конвенцияға да қосылған.

Жаңалықтар
0