НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Арнайы операция аясында Нұр-Сұлтан полициясы ірі көлемде есірткі сатушыны ұстады, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жеңіс даңғылының бойында жүргізілген жедел-іздестіру шарасы кезінде есірткі сатқаны үшін бұрын сотты болған 39 жастағы астана тұрғыны ұсталды. Жеке тексеру кезінде оның сөмкесінен гашиш салынған 13 полиэтилен пакет табылды. Сондай-ақ, полицейлер оның пәтерін тінту кезінде гашиш салынған үш пакет пен есірткі салынып сатылымға дайындалған 32 полиэтилен пакетті тәркілеген.
"Жалпы арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымнан 20 келіге жуық есірткі заттары алынды. Олардың қара базардағы бағасы 30 миллион теңгеден асады. Қазіргі кезде есірткі сатумен айналысқан қылмыстық тізбектің басқа сыбайластарын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", – делінген хабарламада.
Тұтқындалған адам полиция департаментінің уақытша қамау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 296-бабы, 4-бөлігі (аса ірі көлемде есірткі құралдарын заңсыз сақтау), 297-бап (аса ірі мөлшерде сату) пен 287-баптың 2-бөлігі (қару-жарақ, оқ-дәрілерді заңсыз иемдену, сақтау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқи отырыңыз: Білім министрлігі Шымкентте есірткі сатқан оқытушыға қатысты мәлімдеме жасады
Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 10 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.