НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Теңге қыркүйектен бері алғаш рет 422,87 теңгеге дейін нығайды, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сауда-саттықтың қорытындысы бойынша ұлттық валюта өткен күнмен салыстырғанда 1,79 теңгеге нығайды.
Ұлттық банктің 26 қарашаға бекіткен ресми бағамы – 422,87 теңге.
"25 қарашада биржада доллар теңгеге қатысты орта есеппен 422,90 деңгейінде саудаланады. Аптаның басынан бері ұлттық валютаның бағамы 5 теңгеден астам немесе 1,2%-ға нығайды. Теңгенің оң динамикасына қолайлы сыртқы конъюнктура, сондай-ақ экспорттаушылардың салық төлемдерін жүзеге асыру үшін шетел валютасын сатуы әсер етіп отыр", - деп атап өтті Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.
Оның айтуынша, инвесторлар коронавирусқа қарсы әзірленіп жатқан вакциналардың тиімділігі туралы хабарламаларды оң бағалап жатыр, бұл экономикалық белсенділіктің тез қалыпқа келу ықтималдығын арттырады. Сонымен қатар, билікті Дональд Трамп әкімшілігінен сайланған президент Джо Байденге ресми түрде беру процесінің басталуы тәуекел дәрежесін демеп отыр.
Сонымен бірге нарықтар ФРЖ-нің бұрынғы басшысы Джанет Йелленді АҚШ қаржы министрі лауазымына тағайындау перспективаларына оң жауап береді, бұл қаржылық ынталандыруға байланысты болып жатыр.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк қазан айында валюталық интервенция жүргізді
Жедел вакцинация және отынға деген сұраныстың жедел қалпына келуі мұнай бағасын өсіруді қолдайды. Brent эталондық сұрыпты мұнайының әлемдік бағасы бірнеше күн қатарынан өсіп келеді және Азия нарықтарындағы бүгінгі сауда-саттық барысында наурыздың басынан бастап алғаш рет бір баррель үшін 48 доллар белгісінен асты. Осыған орай, Норвегия кроны мен Канада доллары сияқты шикізат елдерінің валюталары аптаның басынан бастап 1,3%-ке және тиісінше 0,6%-ке нығайды.
Сыртқы позитивтің әсерінен бөлек, осы апта салық аптасы болып қалады, бұның өзі нарықта валютаның ұсынысын едәуір күшейте түсті. Мысалы, 23 қараша күні биржадағы сауда көлемі 170 миллион долларға жетті, бұл – осы қарашада биржада тіркелген күндізгі орта көлемнен 1,5 есе көп дегенді көрсетеді.
"Дамушы елдердегі валюталар сыртқы нарықтағы жағдайларға мейілінше жақсы әсер етіп отыр. Апта басында оңтүстік африкалық ранд 1,3%-ке бекісе, Ресей рублі 1%-ке, Мексика песосы 0,3%-ке нығая түсті. Бұл жерде рубльдің өзі экспортерлердің тарапынан түскен салық есебінен нығайып отыр", - дейді Тұрсынханов.
Ал теңге сыртқы және ішкі факторлардың жайлылығынан, одан қалды тәуекел-сентимент пен нарықтағы энерготасымалдаушылардың позитивті жаңалықтарының және жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан түскен көлемді салықтың арқасында бекіп тұр.
Бұл жерде мұнай бағасының көтерілуі – оны тұтыну деңгейін дер кезінде қалпына келтіруге себепші болып жататынын айта кету керек. Дегенмен АҚШ-тағы мұнай қорының есебі көрсетіп келгендей, тұтыну көлемі болжалды деңгейге көтеріле алмай отыр. Сол себепті, шынайы тұтынымның шамасына қарай көмірсутек бағасына да өзгерістер еніп тұруы мүмкін.